Бизнес

Қаржылық сауаттылықты қалай жетілдіреміз?

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – жеке және отбасылық қаржыны басқарудағы біліктілігіміз. Біз қаржылық сауаттылығымызды жетілдіру арқылы табысымызды көбейте аламыз.

Мамандардың айтуынша, адам аптасына орта есеппен 5 сағат ақша туралы ойлайды екен. Бірақ, қазіргі жағдайда ақша туралы ойлауымыз бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы ықтимал. Өйткені қазір халықтың басым бөлігі кредитке батқан. Ал, кредиті бар адамның ақша туралы ойламауы мүмкін емес.

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде?

Зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі өздерінің қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды екен. Халықтың көбі депозиттің кепілдендірілгенін білмейді. Ал білетіндердің өзі мемлекеттің қанша сомаға дейін кепілдендіретінінен хабары жоқ. 

Қазақстандықтардың дені депозитке ақша салғаннан гөрі, үйде сақтауды жөн көреді.

Елімізде ай сайынғы жалақысы күнделікті тұтыну шығындарын өтей алмайтын жұмысшылар өте көп. Яғни, жалақысы айдың соңына дейін бітіп қалады. Қаржысы келесі айға дейін жетпейтін қазақстандықтар ары қарай қалай күн көреді?

  • үнемдеуге көшеді;
  • жақындарынан қарыз алады;
  • банктен кредит алады.

Мұның бір себебі, жалақының аздығы болса, екінші себебі, кіріс-шығыс есебін жүргізбегеннен. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 3-тен 2-сінің ай соңына дейін қаражаты жетпей қалады.

Егер қаржылық сауаттылығымызды жетілдірген болсақ, кіріс-шығыс есебін жүргізген болар едік. Мамандар барлық шығындарды есептеп отыруға шақырады.

Ол үшін барлық шығындарыңызды бірнеше топқа бөліп кесте құрасыз.

  • пәтер ақы (пәтер жалдап тұратын отбасылар жетерлік – QA);
  • тамақ;
  • көлік;
  • киім;
  • коммуналдық төлемдер;
  • несиелер;
  • ұялы байланыс және интернет;
  • күнделікті тұтыну шығындары.

Бір айға арналған осындай кесте құрып үнемі есеп жүргізіп отырсаңыз, табысыңызды бақылауда ұстай аласыз.

Қаржының ең маңызды 5 қызметі

1. Өмір сүруді қамтамасыз етесіз

Адамның жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен: тамақ, киім, тұрғын үй, көлік, техника және тағы басқа материалдық қажеттіліктер керек. Бұл қажеттіліктерді өтеу үшін ақшаңыздың болуы маңызды. Әрбір адам өзінің өмір сүру сапасын жақсартуға тырысады. Кезең-кезеңімен үйіңізді кеңейтіп, көлік және техникалық жабдықтарды жаңартуды ойлайсыз. Балаларыңызды түрлі үйірмелерге беріп, бүкіл отбасымен демалғыңыз келеді. Осының бәріне артық шығындарды болдырмай, отбасылық қаржыны дұрыс басқару арқылы қол жеткізуге болады.

2. Қауіптің алдын ала аласыз

Жеке қорыңызда жиналған капитал сізді кез келген қауіпті жағдайда сақтандыра алады. Мәселен, ауруханаға түсу, жұмыстан шығып қалу, күтпеген жерден жақыныңнан, тіпті жалғыз асыраушыңнан айрылу секілді жайттар өмірде орын алып жатады. Кейде отбасылық мүліктерге қауіп төнеді. Мысалы, өрт шалу, су басу, жер сілкінісі, автокөлік немесе құнды мүлікті ұрлату, көлік апаты. Мұндай жағдайда сақтандыру компаниялары өз шарттарына сай шығындарыңызды өтеп береді. Ол арқылы өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.

3. Болашағыңызды жоспарлайсыз

Дұрыс басқарылған қаржы – балаңызға сапалы білім беруге, отбасыңызбен шетелге саяхаттауға, ең жақсы спорт залын, жоғары сапалы қызмет көрсететін медицина орталығын таңдауға мүмкіндік береді. Болашақты жоспарлау дегеніміз – үй алу, көңіл көтеру немесе әртүрлі брендтерді сатып алу ғана емес. Ең бастысы, болашағыңа капитал салу.

4. Қаржылық тәуелсіздікке ие боласыз

Қаржылық тәуелсіздік дегеніміз – ай сайын немесе жыл сайынғы пассивті кіріс көзі саналатын капитал. Ал, капитал – өздігінен табыс әкелетін активтер жиынтығы. Ол ешқандай күш жұмсауды қажет етпейді. Көбісі мұны бекершілік деп ойлауы мүмкін. Алайда әлемде қаншама адам инвестиция арқылы күн көріп отыр. Оларды рантье деп атайды. Жеке қаражатты дұрыс басқару және сауатты инвестициялау арқылы ғана капитал жинауға болады.

5. Артыңызға мұра қалдыра аласыз

Артыңызға мұра қалдыру арқылы сіз тек ұрпақтарыңызды қамтамасыз етіп қана қоймай, қор құрып, ел игілігіне қызмет ете аласыз. Негізінде мұраға мынадай дүниелерді қалдырылады: 1) табыс әкелмейтін активтер (тұрғын үй, автокөлік және тағы басқа мүліктер); 2) табыс әкелетін активтер (бағалы қағаздар, депозиттер, жалға беретін жылжымайтын мүлік және т.б.); 3) қарыздар мен міндеттемелер. Табысыңызды дұрыс басқара алмасаңыз, балаларыңызға уақытында төлей алмаған қарыздарыңызды қалдыруыңыз әбден мүмкін.

Сондықтан, қаржылық сауаттылығыңызды дамытуға уақыт бөліңіз!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button