Бизнес

Гивсіз де сапалы оқырман жинауға болады – Qazaqstories

Ақ фон. Қара шрифт. Өмірден алынған жазбалар. Ойлар мен түрлі оқиғалар. Не түсіндіңіз? Иә, иә, бұл qazaqstories-тің бізге таныс келбеті. 500 мыңға жуық аудиторияны баурап алған парақшаның жан рахаты үшін жұмыс жасайтын иесі туралы не білесіз? Qadam.asia редакциясы назарларыңызға One Million Qazaq Stories парақшасын жүргізетін Әмзебатыр Бақдәулетпен болған сұқпатты ұсынады.

Qadam.asia: Өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Жобаның идея авторы кім? Жалғыз өзіңіз жұмыс істейсіз бе? Әлде команда бар ма?

Есімім Әмзебатыр Бақдәулет. Qazaqstories-тің идеясы да, жалпы контент жағынан да бәріне өзім жауап беремін. Жалғыз өзім істеймін.

Qadam.asia: Қашан бастадыңыз? Жоба қашаннан бастап таныла бастады?

Идея 2017 жылы келді. Ол кезде Instagram-да біздікіндей тематикадағы контент аз еді. 2017 жылдың басы – вконтакте желісінен инстаграмға енді келген сәт. Әрине, бірден алып кету қиындық туғызды. Өйткені инстаграм, парақша жүргізу бойынша тәжірибе болмады. Сонымен оқырманға басқа контент ұсындым. Парақшаны 2017 жылдың соңында саттым. Ол да қазақша контент еді. Ешқандай накруткасыз сатқан сәтке дейін, қателеспесем 36 мың оқырман жиналды.

Сонымен 2017 жылдың соңы 2018-дің басында осы qazaqstories-ті қолға алдым (ол кезде қасымдағы достарымның бәрінің Instagram-да парақшалары болды). «Фоны қалай болады?», «қандай шрифт қолданамын?» деп бір ай ойланып жүрдім. Нәтижесінде жай ғана ақ фон, қара шрифт пайдаландым.

2018 жылы парақша ашылған соң таргет бердім. Ол кезде таргет деген түсінік халықта әлі қалыптаспаған еді. Сол таргеттен жазбамызды бір күнде 30-40 мың адам көріп, 300-500 адам жазылды. Сондағысы 2-3$ жұмсадым.

Qadam.asia: Әр жазбаның шығу тарихы бар ма? Оларды өзіңіздің практикаңызға сүйене отырып жазасыз ба әлде басқа адамдар да жазба жібере ме?

Қазақ тіліндегі ұзақ жазбаларды өзім жазамын. Көбіне оқырмандар идея айтады. Өзімнің жанымда жүрген достарым да ойларымен бөліседі.

Жалпы өзімнің жазуға мүлдем қатысым жоқ. Негізгі мамандығым қаржы, бухгалтер саласы.

Ал өзім жазатын жазбалар өмірімнен алынған оқиғалар, таным-түсінігімдегі ойлар нәтижесінде туады. Өмірде көрген дүниелерді қағазға емес, Instagram-ға түсіріп жүрмін.

Qadam.asia: Жастардың арасында танылуға не себеп болды деп ойлайсыз?

Себебін өзім де білмеймін. Бір білетінім – бәрі бір Аллаһтың қалауымен. Ойлаңызшы, жай ғана ауылдан, қарапайым отбасыдан шыққан баламын. Ол кезде жұмысым мен идеям – дәл осы хоббиім ғана болды. Менің ешқандай командам болмады. Ал бір сәтте жастар арасында кең танылдық.

2018 жылы бір досым «жылдың соңына дейін қанша мың оқырманға жетесің?» деп сұраған болатын. Сол кезде «мүмкін 50 мың, мүмкін 70 мың» дедім. Ал ол күлді. Бір айда Аллаһтың қалауымен 200 мың оқырманға жеттім…

Qadam.asia: Жиналған аудиторияны ұстап қалу қаншалықты қиын?

Негізі аса қиын емес. Егер белгілі бір уақытыңды арнап, аудиторияға не қызық, соны беріп отырсаң ғана жеткілікті.

Qadam.asia: Осы жобаға қатысты мақсатыңыз қандай? Не күтесіз?

Жұмыс, жұмыс және жұмыс. Контентке кішігірім өзгеріс енгізу ойымда бар. Жаңа идеялар алып келу. Толық қазақ тіліне өту. Идея көп. Алдағы уақытта көре жатарсыздар. Жаңа идеялар туралы біраз оқырман біледі. Тіпті, олар қолдау білдірді. Енді қорықпай қадам жасау керек.

Ештеңе күтпеймін. Тек жұмыс жасаймыз. Ары қарай не болатынын көреміз.

Qadam.asia: Жоба немен күн көріп отыр? Осы жерден тастап кетпеуге не себеп?

Біріншіден, бұл – жақсы көретін ісім. Екіншіден, 2010-2012 жылдары пайдасы болмаса да телефонмен мобильді сайт жасайтынмын. Мектепте оқып жүрген маған ол кезде пайда туралы ойлау қызық болмады. Бәрі сол қызығушылықтан бастау алды.

Qadam.asia: Оқырмандарыңызды зерттеп, бақылап көрдіңіз бе? Арасында танымал адамдар бар ма?

Иә қарап тұрамын. Танымал адамдар да бар. Бастапқы кезде, біз енді танымал болып жатқанда Zheka_fatbelly жазбамызды сторисіне салған болатын. Сонда біз достарымызбен мәз болдық. Ал жалпы мотивацияны өз өмірімнен аламын.

Qadam.asia: Оқырман қандай тақырыптағы, қандай бағыттағы жазбаларды қызығып оқиды?

Жастардың қызығып, талқылауға дайын тұратыны – махаббат жайлы жазбалар. Содан кейін – отбасы, достар, қызық оқиғалар… солай жалғаса береді.

Ал өзім көбіне отбасы және достар тақырыбында жазбалар жазғанды ұнатамын.

Qadam.asia: Өз контентіңізді қалай бағалайсыз? Бастапқы кездегіден даму байқала ма?

Әрине. Біз жобамыздың сапалы болғанын қалаймыз. Барынша аудитория көңілінен шықсақ деп әрекет етеміз. 3 жыл бұрыңғы контентті қазіргімен салыстырсақ, даму байқалады.

Ең бастысы: қазақ тіліндегі жазбаларға көштік. Аудиторияны солай жаңарттық, соған үйреттік. Бастапқы кезде қиын болғанын да жасырмаймын.

Qadam.asia: Осылай парақша жүргізуді ойлап, жоспарлап жүрген жандарға қандай кеңес бересіз?

Жасап жатқан контентке ерекше көңіл бөлу керек. Мәтін, идея, жалпы контент сапалы болса, сіздің парақшаңызға оқырман өзі-ақ жазылады. Әрине, бастапқы кезде бәрі қиын болады. Бірақ тоқтап қалмау керек. Жеңіл жолмен жеткен нәрсе ешқашан бағаланбайды емес пе?!

Qadam.asia: Жобаға қатысты алып-қосарыңыз бар ма? Айтылмаған дүние?

Бұл жоба екінші рет ашылғанда танымал болды. Арада бір жыл уақыт өткенде өзіме деген сенімділігім артып, тәуекел еттім. Аллаһ берді. Ойым жүзеге асты. Бүгінде 500 мыңға жуық оқырманымыз бар. Бұл жетістікке накрутка дегенді қолданбай, гивке де қатыспай жеттік. Адам қаласа, қолынан бәрі келеді!  

Qadam.asia: Сұқпатыңызға рақмет!

Сұқпаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button