Бизнес

Кредиттің төлеу уақытын өткізіп алсақ не істейміз?

Кредит алып, ай сайын уақытылы төлем жасап отыруға мүмкіндігіңіз болмай қалатын жағдайдар болып жатады. 

Содан соң банк қызметкерлерінің сансыз қоңыраулары, кредит тарихыңыздың бүлінуі, коллекторлық компаниялардың қайта-қайта хабарласып мазаңызды алуы… Осылай жалғаса береді. 

Бірақ, сіз қарапайым қағидаларды білмегендіктен, жағдайыңызды қиындатып аласыз.

«Qadam.asia» бүгін кредитіңіздің төлемдер кестесі бұзылса не істеу керек екенін ұсынады.

Кредитордан қашуға болмайды

Маңызды:

Кредитормен «тығылмақ» ойнауға болмайды. Егер кезекті төлемнің мерзімі өтіп кетсе және төлемнің мерзімі әртүрлі себеп бойынша жылжытылса, онда үрейге беріліп, банктен жасырып қалуға, сондай-ақ мерзімнің өтіп кету фактісін ескермей қалуға мүлде болмайды. Бұл мәселені одан сайын қиындатып жібереді.

Есте сақтаңыз:

Төлем кешіктірілген жағдайда борышты өтеу мерзімінің уақыты басталады. Банк өсімпұлдар, айыппұлдар есептеуді бастайды және борышкерге қарсы сот процесін іске қосады. Банктен жасырынып қалу әрекеті, тікелей айтатын болсақ – қымбатқа түседі. 

Төлеуге мүмкіндік жоқ, не істейміз?

Бірінші кезекте, банкке өтініш жазу керек. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыз алушы – жеке тұлға банкке жазбаша өтініш ұсынуға құқылы.

Маңызды:

Ол өтініште шарттың талаптарын өзгерту туралы ұсыныс енгізеді. Сондай-ақ оның өтінішін негіздейтін мерзім өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар туралы мәліметтер қамтылған ақпарат ұсынады.

Есте сақтаңыз:

Сізге қандай жеңілдік жасалуы мүмкін:

  • сыйақы мөлшерлемесін азайтуға;
  • қарыз валютасын өзгертуге;
  • негізгі борыш, сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға; 
  • берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгертуге;
  • шарттың қолданылу мерзімін өзгертуге; 
  • мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының күшін жоюға шешім қабылдануы мүмкін. 

Банктің жауабы қандай ?

Банк өтінішті алған күннен кейін 15 күн ішінде ұсынысты қарайды және қарыз алушыға:

  • ұсыныстармен келісетіні;
  • талаптарды өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;
  • талаптарды өзгертуден бас тарту және осындай бас тартудың себептері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

Банкке өтініш жасау не береді?

Мұндай жағдайда оң нәтиже шығаруға тек қарыз алушы ғана емес, сонымен қатар банк те мүдделі болатыны құпия емес. Сондықтан реттеу шаралары неғұрлым ерте қабылданса, соғұрлым екі тарапқа да қолайлы нұсқаны тезірек табуға болады. 

Маңызды:

Ең әуелі, банкке уақтылы жүгіну қарыз алушының оң кредиттік тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, әрі қарай банктің іс-әрекеттеріне сотта дау айтылған жағдайда да борышкердің бұл іс-әрекеттері оның пайдасына есептелуі мүмкін.

Банк қарыз алушыдан оның қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігін сипаттайтын қосымша құжаттарды дайындауды сұратуы ықтимал. Бұл: еңбек шарты, жұмыссыз мәртебесін растайтын құжаттар және басқа құжаттар. 

Есте сақтаңыз:

Егер қарыз алушы банкпен байланыс жасамаса, төлем мерзімін өткізіп алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей банк борышкерге кредитті өтеу үшін төлем жасау қажеттігі туралы хабарлайды. 

Хабарламада: мерзімі өткен берешектің мөлшері және қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамау салдары туралы ескерту көрсетіледі.

Коллекторлық компаниялар неге мазалай береді?

Егер банк ескерту жасағаннан кейін борышкер қарыз бойынша ай сайынғы төлемдерді елемейтін болса, онда банк коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.

Коллекторлық агенттіктің қызметі жеке тұлғалардың қарыздары бойынша берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге бағытталған. Сондықтан, егер қарыз коллекторлық агенттікке берілсе, онда қарызды өтеу не оның талаптарын өзгерту мәселелері бойынша борышкер тікелей жауапты коллекторларға, сондай-ақ банкке жүгінуге құқылы. 

Кредитті төлемеу несімен қауіпті?

Кредит беруші банк міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге міндетті болады. Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі. 

Егер кредит кепілдік кредит болса, онда борышкердің кепілдік мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін. 

Кредитор-банк шартта көзделген болса төлем талабын бере алады. Яғни, борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома борышкердің банктік шотынан алынады. Мысалы, жалақыдан алынады.

Бірақ бұл ретте, жеке тұлғаның ағымдағы шотындағы ақша сомасы, кемінде заңда белгіленген күнкөріс деңгейі мөлшерінде болуы керек.

Маңызды:

Егер борышкер мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді немесе алимент алушы болса, оларды есепке жазу үшін арнайы шот ашу қажет. 

Жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді және алименттерді есептеу үшін тағайындалған шот бойынша даусыз тәртіппен өндіріп алуға заң жүзінде тыйым салынады.

Есте сақтаңыз:

Кредиті төленбеген борышкер елден шыға алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуға тыйым салынған азаматтар тізіміне енуі мүмкін. Борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу туралы бұл қаулы соттың санкция қолдануына жатады.  

Кредит алудан бұрын мыналарға мұқият болыңыз:

  • Өз жағдайыңызды сарапқа салып, бағалап алыңыз;
  • Кредит алудан бұрын әрқашан өз мүмкіндіктеріңізді ескеріңіз;
  • Кредиттік тарихыңызды міндетті түрде тексеріңіз;
  • Банктің өтелмеген кредит үшін сотқа жүгінуге құқығы бар екенін ұмытпаңыз. Содан кейін сот шешімімен түрлі санкциялар салынуы мүмкін, оның ішінде шетелге шығуға тыйым салынады.

Кредитті уақытында төлемеу үнемі өзіңізге зиян тигізеді. Сондықтан мәселені сотқа жеткізбеу үшін әрқашан қарыздарды, айыппұлдарды, баждарды, алименттер мен коммуналдық төлемдерді уақытында төлеген дұрыс. 

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button