«Отбасы бизнесін» дамытып отырған қазақстандық жас жұбайлар
«Қазақтілді аудитория» дейтін түсінік қалыптасып, сол оқырман, сол аудитория біліммен кеше ғана сусындап, кәсіппен бүгін ғана айналыса бастағандай, олардың түйсігі өзгелерден төмен тұратындай бір ойдың елесі кезіп жүр. Отбасындағы күйеуі мен әйелі арасындағы қарым-қатынасының тек интимді картинасын көрсетіп, олардың шынайы өмірдегі кәсібі, білімдері мен қоғамға деген көзқарастары туралы ойлары қалыс қалып жатқан секілді.
Осы ретте «Qadam.asia» редакциясы екі түрлі салада кәсіп ашып, оны дөңгелетіп отырған жас отбасы, «қазақтілді аудиторияның» өкілдері Алмас Маратұлы және жары Фариза Байшинамен сұқбаттасқан болатын.
Қазақ танымында әйел адамның немесе жаңадан түскен келіннің міндеті үй ішіндегі проблеманы шешу. Ата-ененің қабағына қарау, күйеуінің жағдайын жасап, бала-шағасын тәрбиелеу. Алайда ХХІ ғасырда бұл түсінік жоғалып, жаңа бір кезең пайда болды. Бұл кезеңге біздің қазақ әйелдері де қосылды. Мәселен соның бірі өзіңсің. «Jidek» деп аталатын кептірілген жеміс-жидекті ерекше бір үлгіде сатуды қолға алған кәсібің дәл қазір сұраныста тұр. Жалпы идея қайдан келді?
Фариза: Идеяны жүзеге асыру карантин кезінде басталды. Оған дейін мен тұрақты айлыққа жұмыс істедім. Жеке компания болғандықтан ол жерде тек жобалар болған кезде табыс келеді, жұмыс жүреді. Ал карантин бәрін өзгертіп жіберді.
Үйге келген соң жобалардың аз болатыны туралы, жұмыстан шығатыным жайлы Алмасқа (жолдасыма) айттым. Алмас сол кезде маған өзім қалаған іспен айналысуға кеңес айтты. Мен студент кезімнен жұмыс істеп, еңбекқор болуға үйренгем. Тәрбиеден болар. Сондықтан маған үйде жұмыссыз отырған ұнаған жоқ.
Менің әкем Қостанай қаласында дәл осы кептірілген жеміс-жидектерді көтерме бағада сатумен айналысады. Бір жыл бұрын ғана Өзбекстанға барып осы кәсіпті бастаған еді. Әкем осы кәсіпті бастауға тікелей себепші болды деуге болады.
Қайын апам кәсібімді бірден қолдап, өзінің құрбыларына осы туралы айта бастады. Кейін 100 мың теңгеге сауда жасап, шағын тауармен сатуды қолға алдым. Сол кездегі басты ойым – ай сайын жүріп-тұруыма ақша табу. Дәл осы ойдың жетегімен «Jidek» өмірге келді және сатып алған тауарымыз 3-4 күнде сатылып кетті.
Мен осы сатылымнан кейін барып бұл кәсіптің сұраныста екенін түсіндім де нарықты зерттедім. Толық зерттеп шықтым деуге де болады. Базар аралап, инстаграмдағы топ парақшаларды қарап, олардың арнайы жинақтап шықтым.
Нарықты зерттедім дедіңіз, нақты қанша уақыт кетті және ол сізге үлкен нәтиже әкеле алды ма?
Фариза: Әрине. Мен тіпті қазір менен кеңес сұрайтындарға осыны айтамын. Яғни, алдымен нарықты зерттеп, ең ұсақ деген проблемаға дейін мән бер деймін.
Алмас екеуімізде қалыптасқан ортақ бір дүние бар. Ол кез келген затты OLX-ке салу арқылы қанша адам сатып алатынына көз жеткізу. Тіпті ол зат сізде болмаса да «сатамын» деп суретін жариялап қойыңыз. Сол арқылы да зерттеу жасауға болады. Бұл әдісті бірі білсе, бірі білмес.
Алмас: «Трактор мен шөп» деген бар. Бұл осы кәсіп не сауда саласында жүргендердің жиі айтатыны. Кезінде бір кісі шөбі болмаса да OLX-ке «шөп сатамын» деп бағасын жазып, суретін жариялаған. Ал соған қарама-қарсы бір кісі тракторы жоқ болса да «трактор сатамын немесе қызмет көрсетемін» деп жариялаған. Қызығы, екеуін де хабарласқан. Ал екеуі болса, бірі трактор, бірі шөп іздеп кеткен. Былайша айтқанда, ештеңесі жоқ болса да ортадан ақша тауып отырған ол адамдарды алаяқ деп айта алмайсыз ғой?!
«Jidek» деген атауға келсек. Неге бұл атты таңдадыңыз?
Фариза: Алмас екеуіміздің отбасы құрмай тұрып бірге алып жүріп келе жатқан «Limon» деген жобамыз бар. Туристерге қызмет көрсететін жобамыздың атауы да жеміске қатысты. Одан бөлек бізде брендтің атын екі буыннан асырмау керек деген ұстаным болды. Содан кейін осы «Jidek» деген атты таңдап алдық.
Алмас: Қазір бір нәрсеге ат қою үшін немесе сол нарықты зерттеу үшін жан қинаудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желі дайын тұрған алаң. Сауалнама немесе бір сұрақ қою арқылы 100-ден 1000 адамға дейінгі адамдардың ойын, идеясын білуге болады. Ал осы қарапайым тәсілді көбі жасай бермейді.
Кептірілген жеміс-жидек Алматының кез келген базарында тұр. Бар да, ала бер. Тек сіздердің «Jidek» оны ерекше бір үлгіде сатып бастады. Атап айтқанда, домбыра не жүрек пішінді ағаш қораптың ішіне салу секілді. Бұл идея қайдан келді?
Фариза: Саудада маусымға байланысты сатылатын заттар бар. Кептірілген жемістер мен жаңғақтарды жазда көп сатып алмайды. Ал маған төрт мезгіл бойы осы кәсіпті жүргізу керек болды. Мен Алматы және бүкіл Қазақстан бойынша, кейін алыс-жақын шетелдердің нарығына зерттеу жасадым. Нәтижесінде осындай идея келді.
Алмас: Мысалы, сыйлық беретін мерекелер маусымға қарамайды. Туған күндер күн сайын болып тұрады. Ендеше, адамға сыйлық беруге таптырмас идея ғой.
Сіздер әлі жас отбасысыздар. Қатарларыңыздан оза шауып бір емес екі бірдей кәсіпті жүргізіп отырсыздар. Қазақы түсінікке салсақ, келіннің келе салып кәсіп жүргізіп, сонымен кетуі оғаш көрінуі мүмкін. Бұл түсінікке салсақ сіздерде бәрі басқаша секілді. Неге? Мұны қалай ақтап алуға болады?
Алмас: Бұл сұрақты өзара талқылап көрмедік. Тіпті туындаған да жоқ. Алайда сыртқы ортада сондай мәселенің бар екенін білемін. Бұл жерде мен Фаризаның қолынан іс келетінін алғаш сөйлесіп жүрген кезде білдім. Ол қабілетін «Лимонда» жүрген кезде түсіндім. Кейін өз алдына кәсіп бастаймын деген кезде бірден келістім. Себебі оның қолынан келеді. Бұл бірінші мәселе. Екінші, менің ата-анам ескіше ойлап, соның жетегінде кеткен адамдар емес. Сондықтан бұл нәрсеге қуана қарамаса, реніш білдірген жоқ. Біз қазір ата-анамызбен бірге тұрамыз. Фариза өзінің келіндік міндетін біледі және оған да үлгереді. Ал үлгермеген күннің өзінде анам оған қырын қарап не сынамайды.
Үйдегілер «келініміз қайда кетті?» деп сынаудың орнына, жұмыста үлгермей кетсе әкем ауыр заттарды тасуға, анам оны жинақтап беруге көмектеседі.
Алмастың кәсібіне қарағанда сенің кәсібің туралы жиі естіп, жиі көремін. Әрі жарнамасы да жақсы. Неге?
Фариза: «Limon» құрылған кезде біз табысты тек демалуға жұмсайтынбыз. Ол кезде студент болдық қой. Содан болар қателіктерді көрмедік. Кейін бұл дүниенің дұрыс еместігін көрдік, тәжірибе болды, ой сүзгісінен өткіздік те, кейінгі табысты өзіне салу керек, компанияның дамуына жұмасау керек деген шешімге келдік. Ал «Jidek» арқылы тапқан табысты тек өзіне саламыз және алдағы екі жыл ол табысқа тиіспейміз деп шештік.
Екеуің де су жаңа көлік алдыңдар. Жарнамалап жатпасаңдар да, көз бар, құлақ бар дегендей… Басқалар секілді гив ойнатып, арзан ақшаға мастанған жоқсыңдар. Мұны жетістіктің бірі ретінде санауға бола ма?
Алмас: Солай деуге болады. Алайда көлікті Біріккен Араб әмірлігінен алдырдық. Ол туралы кейін айтармыз.
Кез келген ата-ана үшін баласының және келінінің осылай жетістікке жетіп жатқаны қуаныш.
Екі әлем. Екі түрлі кәсіп. Екеуің де сырттан екі түрлі адам боп келесіңдер, бірақ үйге кірген кездегі Алмас пен Фариза қандай?
Фариза: Шыны керек, біз қазір үй мен жұмысты бөліп қарай алмаймыз және осылай қалыптасып кетті. Дегенмен мұның дұрыс емес екенін білеміз. Себебі жұмыс пен үйдің әлемі бөлек болуы тиіс. Алдағы уақытта бұл дүниені бір ретке келтіреміз деген үміт бар, қазір нақты айта алмаймыз.
Алмас: Жалпы әйел адам үйде күліп жүрсе, ол бақытты болса, ата-ана да, туыстары да, күйеуі де бақытты болады. Неге? Себебі, әйел адам бақытта болсаң сенің әке-шешеңнің жағдайын жасайды, оған қарап туыстарың, бауырларың сүйсінеді, ал ол нәрсе маған ұнайды. Осы кезде бұдан да жақсы жұмыс істеуге, одан да жақсы бақыт сыйлауға ұмтыласың (әйеліңе). Сондықтан ер адамдарға шабытты даладан іздеудің қажеті жоқ секілді.
«Jidek» арқылы тапқан табыс туралы айта аласың ба, егер құпия болмаса?
Фариза: Әр айда баға өзгеріп отырды. Мәселен, желтоқсан айында күніне табыс 300 000 теңгені құраған. Ал осы қаңтар айындағы жалпы табыс 3 миллион теңгеге жетті.
Жас отбасы ретінде, екі кәсіпті дамытып, табыс тауып отырған жұп ретінде қандай кеңес айтасыңдар?
Алмас: Елде саяси реформа болғанын қалмаймын және жастардың білімді ғана емес, өз саласының нағыз маманы болса екен деген ой айтар едім.
Фариза: Иә, бүкіл адам кәсіпкер болмайды ғой. Бір адам кәсіп ашпаса да, өзі саласының үздігі бола алады, кәсіпкермен бірдей табыс таба алады. Мәселе әр адамның өзі сүйіп істейтін ісінің нақты бір нүктеге, нәтижеге жетуі.
Сұқбат үшін рақмет!
«Qadam.asia»