Қуыру, асу, қақтау: Етті қалай дайындау пайдалырақ?
Ет – адам ағзасына пайдалы өнімнің бірі. Еттің бүкіл пайдасын ағзаға сіңіру үшін оны дұрыс дайындай, пісіре білуіміз керек. Табиғи тамақтың пайдалы не зиян болуы тікелей оның дайындалуына байланысты.
Мәселен, медицинада қуырылған еттің зиян екені жайлы соңғы кездері көптеген зерттеулер шыға бастады. Қазақстандық дәрігер Алмаз Шарман қуырылған еттің құрамында қатерлі ісік қоздыратын канцерогендердің көбейіп кететінін айтады.
«Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, қуырылған етті көп тұтыну әйелдерде сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Ал ер адамда қуықасты безі қатерлі ісігіне шалдығуы жиілейді (шамамен, 30%-ға). Сондықтан етті қуырғанға қарағанда, асып не буға пісіріп, не болмаса бұқтырып жеген дұрыс. Ал адамға аптасында 500 грамм ет жеткілікті«, – дейді профессор.
Соңғы зерттеулердің бірінде қуырылған еттің жүрек-қан тамыры ауруларына, диабеттің асқынуына себеп болатыны айтылған. Мәселен, Nutrients басылымында жарық көрген Аустралия мен Оңтүстік Корея ғалымдарының зерттеуінде қуырылған ет инсульт пен диабетке әкеледі деп қорытынды жасаған.
«Етті қуырған кезде пайдалы заттары жойылып, зиянды қоспаға айналады. Мұндай еттің қоспалары ағзаға түссе, қан тамырына қақ сияқты тұрып қалады да, қан айналымын нашарлатады. Содан жүректің жұмысы қиындайды«, – деп түсіндіреді Оңтүстік Аустралия университетінің ғалымы, доктор Пермал Део.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, күніне 50 грамм сүрленген, қақталған, кептірілген етті жеген адамның асқазан қатерлі ісігіне шалдығу қаупі 18 пайызға артатыны белгілі болған. Өйткені етті кептіру кезінде май мен тұздың әрекеттесуінен бензопирен атты канцероген пайда болады. 50 грамм кептірілген шұжықтың зияны бір қорап темекінің түтінімен бірдей көрінеді.
Америка қатерлі ісікті зерттеу институтының зерттеуінде еттің өзін емес, оның шұжық (колбаса, сосиска), бекон сынды өңделген түрі адамға көбірек зиян екені айтылған. Мұндай өңделген өнімдерді көп жегендердің тоқ ішек, асқазан қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін.
«Күн сайын технологиялық жолмен өңделген 50 грамм ет мен ет өнімдерін жеу тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдығу қаупін 21 пайызға арттыратыны белгілі болды. Сондықтан колбаса, сосиска, ет деликатесі мен басқа да ет өнімдерінен бас тартқан абзал«, – дейді дәрігер Алмаз Шарман.
Ал етті дайындаудағы ең пайдалы әдіс – асып жеу немесе қайнату. Сондай-ақ, бұқтырып немесе басып жеуге де болады. Бұрынғы ата-бабамыздың етті асып жегенін ескерсек, бұл дәстүрді қазір де ұмытпай, ұлттық тағам – етімізді қуырып жегенге қарағанда қайнатып жегеніміз дұрысырақ көрінеді.