Денсаулық & Психология

Ең қызықты 5 медициналық технология

Медицина бір орында тұрмай, күн сайын жаңа бір жаңалықтарға кенеліп отырады. Сондай жаңалықтар мен технологияның қарыштап дамуы бір кездегі емдеуге келмеген аурулардан толықтай жазылып шығуға мүмкіндік сыйлауда. Қазіргі таңда аурулардың диагностикасы жаңа деңгейге көтерілген. Біз бұл мақалада бүгінгі күннің ең ерекше 5 медициналық технологиясымен таныстырмақпыз.

Ракты анықтайтын жасанды мұрын

Кейбір елдерде науқастан қатерлі ісікті анықтау үшін арнайы үйретілген иттер көмекке келеді. Мұндай иттер адам ағзасынан рак клеткаларын анықтаумен қатар, бір ауруды екінші аурудың түрінен ажырата алатын қабілетке ие екен. Медицинадағы ең танымалы Оңтүстік Кореяның онкологиялық клиникаларының бірінде «жұмыс істейтін» лабрадор-ретривер тұқымынан шыққан Мэрин атты ит. 

Ал Израильде электрониканың көмегімен рак клеткаларын анықтауға болатын «жасанды мұрын» технологиясын жасап шығарған. Науқас арнайы түтікке демін шығарғанда компьютер оның қандай рак түрімен ауыратынын табады. Оның үстіне бұл жасанды мұрын Мэриннің мұрнына қарағанда әлдеқайда жылдам әрі нақты диагноз қоя алады.

Гүл тозаңы арқылы вакцинациялау 

Гүл тозаңы – тыныс алу жолдары арқылыдененің әртүрлі бөліктерінееніп, ас қорыту жүйесі мен шырышты қабаттарға тез таралатын таңғажайып дүние. Оның осындай әсерін Техас университетінің ғалымдары медициналық мақсаттарда пайдаланбақ болған. 

Американың бір топ зерттеушісі ине мен инъекцияның көмегінсіз вакцинациялауға мүмкіндік беретін технологияны ойлап табады. Бұл технологияның көмегімен гүл тозаңына вакцина енгізеді, ал ол өз кезегінде пайдалы препараттарды  адам ағзасының түкпір-түкпіріне жеткізеді.

Фотосына қарап диагнозын анықтау 

Британдық ғалымдар көпшілікті таң қалдырып, түсініксіз әрі абсурд дүниелерді зерттеуге шебер. Бірақ соған қарамастан, олардың ашқан жаңалықтары өте маңызды әрі қоғамға пайдалы. Мәселен, бұл елдің дәрігерлері жақында революциялық медицина технологиясын ұсынған.

Бұл технология генетикалық ауруларды фотография арқылы автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Ол адам келбетінің суретін негізге ала отырып, болашақта денсаулығында қандай кінәраттар пайда болуы мүмкін екендігін де ескерте алады.

Депрессияға қарсы электромагнитті бас киім

Көпшілік үшін депрессиядан арылудың амалы дәрі-дәрмек қабылдаумен шектеледі. Бірақ мұндай дәрілерге кейбір науқастар тәуелді боп қалады, ал енді біріне қарсы әсерін тиізіп, эмоциялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да үлкен зиянын келтіреді. 

Бірақ соңғы жылдар ішінде химияның емес,электромагниттік сәуленің негізінде аурумен күресетін әдіс пайда болды. NeuroStar Transcranial Magnetic Stimulation Therapy System деген күрделі атауы бар бас киім электромагниттік импульстің көмегімен ми қыртысының белгілі бір аймақтарына әсер етіп, ләззат алуға жауап беретін нейрондарды оятады.

NeuroStar Transcranial Magnetic Stimulation Therapy System бас киімін 30-40 минут бойы киген науқас депрессиядан арылып, өзін жақсы сезінеді екен. Ал бас киім арқылы арнайы емдеу курсынан өткендердің 30%-ы толық сауығып шыққан.

Бостон дәрігерлері ойлап тапқан оттегі инъекциясы

Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы науқастардың тұншығу ұстамасымен дәл уақытында күресудің амалын іздеп келген. Бұған дейін дәрігерлер трахеотомияны пайдаланатын. Алайда Бостон балалар клиникасының (Boston Children’s Hospital) ғалымдары тұншығуға төтеп беретін жаңа әдіс ойлап тапты.

Олар адам қанын отыз минутқа дейін оттегімен байытатын инъекциялар жасады. Бұл, ең алдымен, ота жасау кезінде туатын төтенше жағдайларда науқасты құтқару үшін қажет. Бірақ бұл технологияны спорт пен ойын-сауықта да пайдалуға болады.

Инъекция кезінде денеге оттегі молекулалары бар май бөлшектері енеді. Май эритроциттермен жанасып, қанды қажетті ресурспен қанықтырады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button