Денсаулық & Психология

Коронавируспен күрескен жігіт: «Жақындарыма қайғы әкелем деп қорқу керек»

Пандемия кезеңінен өміріңізде қандай із қалмақ: қайғы ма, өкініш пе, әлде шаттықты күндер ме? Қалай десеңіз де, сіз бұл уақытты ешқашан ұмыта алмайтыныңыз анық. Бұл кезеңді бүгінгі күннің қаһармандары атанған дәрігерлер де ешқашан есінен шығармайды. 

Алматы қаласы бойынша коронавирус жұқтырған алғашқы науқасты қабылдаған жұқпалы аурулар емханасының дәрігері Тұрлы Мағжанмен әңгімелескен едік…

«Коронавирус туралы шынайы ақпараттар жеткіліксіз болды»

Коронавирус пандемиясы Қытайдың Ухань қаласындағы жануарлар базарында басталған кезде бұл жағдай ушығып кетіп, әлемдік пандемияға айналады, жүз мыңдаған адам қайтыс болады деген дүние үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Әлемдік медицина жақсы дамыған, эпидемиологтар жұмыстарын жақсы істейді, сондықтан мұндай жағдай болуы мүмкін емес деп ойладым. Егер, есіңде болса, 2014 жылы эбола лихорадкасы шыққанда 8000-дай адам жұқтырып, соның 46%-ы қазаға ұшыраған еді. Оның алдында да бірнеше эпидемиялар болды ғой: шошқа тұмауы, түйе тұмауы, 2002 жылы Қытайдың оңтүстігінде тараған SARS вирусы. Мен солар сияқты әлемге жайылмай өтіп кетеді деп ойладым. Бірақ қаңтар айының соңына қарай көп елде ушығып жатқанын байқай бастадым. Бәріміз уайымдадық, әрине, бірақ соңына дейін «бізге келмейді» деп ойлап жүрдік. 

Бірде таңертеңгілік жұмысты жоспарлау кезінде профессорымыз статистикаларды оқып, көбіне-көп ересек адамдардың ауыратынын, кішкентай балалардың вирусты жұқтыру ықтималдылығы төмен екенін, сондықтан оларды басқа жұқпалы аурулардан емдей беретінімізді айтты. Бірақ қаңтардың ортасында ауырып келген адамдардан қан алып, ПЦР-тест тапсыртып, басқа бокста емдедік. Десе де, мұндай үлкен қауіпке айналады деп, шыны керек, күтпеген едік.

Осы қатерлі дерт елімізде расталып жатқанда, шынайы ақпараттың тапшылығынан қиындықтарға тап болдық. Сенуге болатын дереккөздер өте аз, бір-біріне қайшы келетін ақпараттар, дүрліккен халықтың алып-қашпа әңгімелері өте көп болды. Сонда да біз қолдан келгенше науқастарды емдеп шығаруға тырыстық. Бірақ ол күндер үрей мен қорқынышқа толы еді…

«Өзімді норвегиялық элиталы абақтыда жатқандай сезіндім»

Біздің емхананың қызметкерлері ПЦР-тест тапсырған кезде бір әріптесімізден вирус шығып, бәріміздің төбемізден мұздай су құйып жібергендей болды. Өзінің жұмыс істеп жүрген жеріне қорқынышты диагнозбен пациент болып келуі бәріміздің бойымызда үрей тудырды. Мен ол кезде жұмыстан кейін үйге қайтып жүретінмін. Бірақ сол жағдайдан кейін инфекцияны үйге алып баруым мүмкін екенін түсіндім. 29 наурызда бізге әкімшіліктен қонақ үй бөлініп, бәрімізді сонда орналастырды. Олардың осы жақсылығы үшін әлі күнге дейін алғысымды айтам.

Сол қонақ үйде тұрып жатқанда бірнеше әріптесімнен вирус шықты да, бізді карантинге жауып тастады. Тіпті бөлмемізден де шығармай, камерамен бақылап отырды. Сол кезеңдер мен үшін ең қиын кезеңдер еді. Психотипім бойынша экстравертпін. Жалғыздықта жаман ойлардың құрсауында қаламын. 

Қонақ үйдің қызметкерлері тамақты бөлмемізге әкеліп беретін. Оның да өзіндік ережесі болды. Яғни, тамақ әкелген адам есігіңді қағады да, тамақты сыртқа қойып кетеді. Сен ол қызметші кеткенше іште бірнеше секунд күтіп отыруың керек. Кетті-ау дегенде ғана есігіңді ашып, тамағыңды ала аласың. Есікті бірден ашуға рұқсат етілмейді. Бір күнде болатын ерекше оқиға сол ғана. Менен басқалары бір бөлмеде екі адамнан тұрып жатты. Менің жанымдағы әріптесімнен вирус табылып, ол өзіміздің емханаға пациент боп түсті.

Сол кезде ескі телефон ұстап жүрген едім. Ол интернетке де кірмейтін. Nat Geo Wild, Comedy Central секілді арналар болмаса, теледидар көруге аса қызықпайтынмын. Бірақ менде теледидар көруден басқа амал қалмады.

Терезеден күн де жарытып түспеді. Екі жарым аптадай жалғыздықта болдым. Өзімді бір норвегиялық элиталы абақтыда жатқандай сезіндім. Мен үшін өте қиын кез болды. Бірақ үйдегілерге бұл туралы айтпадым. Олар мені жұмыс істеп жүр деп ойлады.

«Егер өмірлерімізбен ауысайық десе, ойланбастан ауысар ма едім…»

Медицина саласын таңдағаныма екі рет өкінген кезім болды.Оның біріншісі – өзім бауыр басып қалған науқас қайтыс болған кезде. Мен ол кісінің есімін айтуға құқылы емеспін. Жасы 69-ға келген орыс ұлтының өкілі болатын. Үнемі көңілді жүретін оптимист жан еді. Әйелі мен қызын қатты жақсы көретінін айтып отыратын. Бірақ сол кезде әйелі мен қызынан да вирус табылып, олар басқа емханаға түседі де, жағдайлары күрт төмендеп, бірінен соң бірі қайтыс болады. Жақындары жайлы суық хабарды естіген соң, ол кісі қатты өзгеріп кетті. Жүзі жарық боп жүретін жанның өмірге деген құштарлығы бірден басылып қалғанын көру ауыр еді. Оның психикалық жағдайы физиологиясына бірден әсер етті. Рентген нәтижесі де денсаулығының нашарлап бара жатқанын көрсетті. Қанның оттегіге байығандығын көрсететін көрсеткіштер дені сау адамдарда 98-100, 95 – жақсы, 90 – ойланып көретін, ал 90-нан төмен қауіпті жағдай боп саналады. Бұл кісіде мұндай көрсеткіш 70-тен көтерілмей қойды. Ол ұзақ уақыт қиналып жатты. Кезекті бір кезекшілігімде ол кісіні реанимацияға ауыстырыпты. Мен реанимацияға хабарласып, жағдайын сұрап ем, «ауыр, бірақ бірқалыпты» деп жауап берген. Таңғы5-терде кезекшілігімнің есебін жібермес бұрын төтенше ахуалдар бар ма екенін білу үшін тағы да реанимацияға қоңырау шалдым. «Бәрі қалыпты, қайтыс болған ақпар тіркелген жоқ» деген жауапты күткен едім… Бірақ «жарты сағат бұрын бір кісі қайтыс болды» деген жауап алдым. Шынымды айтсам, фамилиясын сұрағым келмеген. Іштей сезген шығармын. Бірақ мейірбике фамилиясын атағанда есеңгіреп қалдым. Телефон тұтқасын қоя сала өкіріп жыладым. Оған еш ұялмаймын. Ер кісілер жыламайды деп айтып жатады ғой, бірақ әрдайым өз эмоцияңа адал болуың керек деп ойлаймын. Қайтыс болғандар тізіміне фамилиясын қосқым келмеді. Бірақ ол менің жұмысым. Қосасың, жібересің…

Осыдан кейін бір ай өткен соң тағы бір ауыр жағдай орын алды. Өзім бірге жұмыс істейтін әріптесімнің ата-анасы мен туған ағасы вирус жұқтырып, бір күнде ауырып қалды. Алғашында ата-анасы өте ауыр жағдайда түскен, бірақ уақыт өте келе денсаулықтары жақсарып, емделіп шықты. Алайда ағасының жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Біз оны құтқара алмадық. Ал әріптесіме жұмысын одан ары жалғастыру өте қиын болды. Осы оқиғалардан кейін медицинаны таңдағаныма бір сәтке өкінген едім. Өйткені, отбасым үшін де қатты қорықтым. 

Егер дәрігер болмағанымда, мұндай сұмдықтарды көрмес пе едім, сезінбес пе едім деп ойлаймын. Карантиннің созылғанына шағымданып, «далаға шыға алмадым, тауға шыға алмадым, үйден ішім пысты» деп өз бастарын күйттеп жүргендерге қарап, солардың өмірін сүргім келді. Егер өмірлерімізбен ауысайық десе, ештеңеге қарамастан ауысар ма едім деген ойлар келді.

«Адамдар бір сәтте жаппай ауырғанда оған ешқандай елдің медицинасы төтеп бере алмайды»

Әрине, басында алып-қашпа әңгімелер өте көп болды. «Бұл саясат, шағын бизнесті құрту» деп жатты. Көзбен көргенге дейін ешкімнің сенбегені де рас. Алғашқы карантин оқшаулану арқылы жеңеміз деген ниетпен жарияланған еді. Екі айдай үйден шықпаған халық карантиндік шектеулер алына сала коронавирустың әңгімесі осымен бітті деп ойлап, далаға атып шықты. Міне, сол кезде мыңдаған, жүз мыңдаған адам жұқтырып алды. Адамдар бір сәтте жаппай ауырғанда оған ешқандай елдің медицинасы төтеп бере алмайды. Медицина оған дайын емес, дайын болуы да мүмкін емес. Сол себепті ауруханаларда орын жетіспеушілігі, дәрігерлердің физикалық тұрғыда үлгермеуі секілді қиын жағдайларға тап болдық. Оған қоса, небір вирусолог, инфекционист мамандардың «антибиотик ішіп алыңдар» деген кеңесін құптаған халық дәріханаларға лап қойды. Антибиотикті неғұрлым көп қабылдаған адамның ішіндегі және сырттан келетін бактериялары сол антибиотикке төзімді боп қалады да, супербактериялар мен суперинфекциялардың пайда болу қаупі өте жоғары деңгейге жетеді.Сол кезде осындай қателіктер кетті. Қарапайым адамдарға ешкім жөндеп түсіндіре алған жоқ немесе адамдардың оны тыңдауға шамалары келмеді.

«Күзде коронавирусты жұқтыру қаупі жоғарылайды»

Екінші карантин болған кезде халық бұған қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын білмеймін, бірақ ол карантин емханаларды вирустың екінші толқынына дайындауға мүмкіндік берді. Бұл кезде Қытай, Италия, Ресей сияқты өзге де елдерден мамандар келіп, лекциялар оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Емдеу протоколдары жаңартылды, жаңа препараттарды қолданысқа енгіздік. Осы кездерде жағдай біраз тұрақталғандай болды. Бірақ қазір де жұқтырып жатқандар проценті құлаған жоқ. Екінші толқын алда келе жатыр. Қазір күз айы басталды. Күз –  авитоминоздың уақыты. Адамның жүйке жүйесі мен иммун жүйесінің қажитын кезі болады. Сондықтан бұл кезде коронавирусты жұқтыру қаупі де жоғарылайды. Біз қазір соған дайындалып жатырмыз. Палаталарға оттегі нүктелерін орнатудамыз. Осыған дейін жинаған ақпараттарды қайта сүзіп шықтық. Бұл аурудың сипаты қандай болатынын, неден қауіптеніп, неге аса мән беру керек деген секілді сұрақтардың жауабын таптық десек те болады. Бірақ сонда да вируспен тек дәрігерлер ғана емес, жаппай бәріміз бірігіп күресуіміз керек деп есептеймін. Қарапайым ғана сақтық шараларын, гигиеналық тазалықты ұстансақ, бұл қорқынышты аурудан тезірек құтылар едік. Сондықтан ауырмаңыздар, жақындарыңызға жауапты болыңыздар! Көп адам шоғырланған жерге бармаңыздар. Той-томалақ дегеннің бәрі өткінші. Шақырған жерге бармасам, ұят болады деп ойлаудың қажеті жоқ. Одан да сол тойға барып, вирус жұқтырып, алай-бұлай боп кетсем, жақындарыма қайғы әкелем деп қорқу керек. 1-2 жылдың ішінде қуанышты күндеріміз қайтып келеді деген сенімдемін. Сол күндер үшін шыдамдылық танытайықшы!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button