Денсаулық & Психология

Коронавирустың ер адамды импотент әрі белсіз ететіні дәлелденді

Коронавирустың ер адамның жыныстық қабілетіне кері әсер ететіні белгілі болды. Ковидтің белсіздікке әкелуі мүмкін деген болжам бұрын да айтылып жүрген. Бірақ ғылыми негіздемесі енді дәлелденді.

Бұл жерде коронавирустың ер адамның жыныстық қауқарына екі жақтан әсер ететінін айта кеткен жөн. Бірі – эректильді функциясы кері әсер ететіні болса, екіншісі – белсіздікке әкелетіні, яғни, ер адамның тұқымын нашарлатады.

Мәселен, Cleveland Clinic клиникасы урологтарының айтуынша, коронавирус қан тамырының жолдарын бітеп, қан айналымын бөгейтін көрінеді. Содан ер адамның жыныс мүшесіне, оның үңгірлі денесіне қан жетпейді де, мүшенің эректильді қабілеті төмендейді. Жыныстық қатынаспен айналыса алмайтын жағдайға түсуі мүмкін.   

Қазір басқа да ғылыми басылымдар коронавирусқа шалдыққан, бірақ жазылып шыққан еркектердің кейін эректильді дисфункцияға ұшырағаны жайлы баяндамаларды жаппай жариялап жатыр. Бұл да коронавирустың ер адамға зияны басым екенін дәлелдейді.

Коронавирустың ер адамға кері әсер ететін тағы бір зияны бар. Ол – белсіздік. SARS-CoV-2 инфекциясы тараған сәтте-ақ, пандемия басталған тұста қытай ғалымдары бұл вирустың ер адамның репродуктивті, яғни, ұрпақ қалдыру қызметіне кері әсер етуі мүмкін, сондықтан COVID-19 шалдыққандар болса, міндетті түрде қосымша емдік тексерістен өту керегін айтқан еді. Ол жаңалықты оқыған ел іші тіпті дүрбелең боп кетті. Сондықтан ғалымдар ақпаратты ғаламтордан алып тастады.

Коронавирустың белсіздікке әкелетіні кейін де айтылып жүрді. Бірақ нақты дәлел болмаған соң, болжам күйінде қалған еді.

АҚШ Техас университетінің ғалымдары сериялы зерттеу жүргізіп,  бұл болжамның негізін тапты. Америка ғалымдары SARS-CoV-2 инфекциясы ер адамның ұрық жасушаларын ауруға шалдықтырып, жыныс мүшесіне әсерін тигізетінін дәлелді.

Ғалымдар мұндай тұжырымға келу үшін зертханада жануарға эксперимент жасаған екен. Яғни, генетикалық жағынан адамға жақын сирия атжалманына SARS-CoV-2 инфекциясын жұқтырып, бақылау жасаған.

«Біраз уақыттан кейін кеміргіш жануардың ұрық жасушасы ауруға шалдыққанын байқадық. Ұрық жасушасы вирусқа репликация жасап, кейін зақымға ұшырайтынын анықтадық», – дейді ғалымдар Microorganisms журналына берген зерттеу қорытындысында.

Коронавирус тыныс жолдарының респираторлы асқынуына әкеліп, адам денесінің басқа да ағзаларына зиянын тигізетіні бұған дейін де айтылып жүрген еді. Бірақ нақты дәлел болмады. Енді, міне, ер адамның жыныс мүшесіне зияны бары, тестостерон гормонын азайтып жіберетіні белгілі болды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button