Малдың майы адам ағзасына пайдалы ма?
Адам ағзасы ақуыз бен майдан тұрады. Май – адам ағзасына қажет ең пайдалы компоненттердің бірі. Бірақ ол бір күндік рационның 20-30 пайызын ғана құрауы тиіс. Әсіресе, малдың майын аздап пайдаланып, трансмайлардан мүлдем қашқан жөн.
Трансмай дегеніміз – технологиялық өндірістен өткен, өсімдік майының гидрогенизацияланған түрі. Бұған маргарин майы, кулинарияда қолданылатын басқа да майлар жатады. Ондай технологиялық өңдеуден өткен трансгенді майларды анықтау үшін дүкенде тұрған тауардың қаптамасына, таңбасына қараңыз. Онда май қышқылының трансизомері (трансизомеры жирных кислот), гидрогенизирлі май (гидрогенизированные масла) немесе жартылай гидрогенизирлі май (частично гидрогенизированные масла) деп жазылса, бұлар трансгенді майлар деген сөз. Кейде тауар өндірушілер тұтынушыларды шатастыру үшін «сүт майын алмастырғыш» (заменитель молочного жира), «өсімдік майы» деп қана жаза салады. Өсімдік майы деп жазады да, оның қайсысы (гидрогенизирлі ме әлде гидрогенизацияға ұшырамаған ба) екенін анықтап жазбайды.
Тағы бір айта кететін нәрсе, малдың етінде де трансмай болады. Бірақ аз. Алайда етті қуырып, көміштеп пісіргенде, трансмай көбейіп кетеді. Қысқа толқынды пешпен қыздырылған майлы тағамда да трансмай көбейіп кетуі мүмкін. Былайша айтқанда, қайта қыздырылған тағамның бәрінде трансмай пайда болады.
Трансмай ер мен әйелдің тұқым қалдыру қабілетін төмендетеді. Май жыныс гормондарын бөлуге қатысатындықтан, «жаман май» ер адамның тестостеронын, әйел адамның эстрогенін азайтып жібереді.
Жалпы табиғатта кездесетін майларды екі үлкен топқа жіктейді. Бірі – қаныққан май, екінші – қанықпаған май.
Қаныққан майға бөлме температурасының өзінде қатып қалатын майларды айтады. Бұған малдың майы жатады. Ал қанықпаған майға бөлме температурасында қатпайтын майларды айтады. Оған өсімдік майы, балық майы, т.б. жатады.
Дәрігерлер қаныққан, яғни, малдың майын көп қолдану өте зиян екенін айтады.
«Өйткені қаныққан май ағзада холестерин көбейтіп жібереді де, қан айналымы, жүрек жұмысы нашарлайды. Малдың майын шектеп қолдану керек. Бір күндік рационның 10 пайызын құраса жеткілікті», – дейді медицина профессоры Алмаз Шарман.
Холестерин дегеніміз – адам ағзасында кездесетін балауыз тектес, суға ерімейтін зат. Қанның өзін су деп алатын болса, холестерин қанның құрамына енгенімен, араласпай, ерімей, май сияқты қалқып жүреді. Холестерин көбейіп кетсе, қан тамырының қабырғасына жабысып, жүретін жолды бітеп тастайды. Соның кесірінен қан тамырының икемі жоғалып, қан айналымы нашарлайды. Бұл инсульт пен басқа да жүрек ауруларына әкелуі мүмкін.
«Сондықтан қандағы холестеринді азайту үшін қаныққан майды тұтынуды шектеп, трансмайлардан мүлдем бас тарту қажет», – дейді Алмаз Шарман.
Ал қанықпаған майлар, яғни, өсімдік майлары қандағы холестерин деңгейін реттеуге көмектеседі.
Тағы оқи отырыңыз: Қуыру, асу, қақтау: Етті қалай дайындау пайдалырақ?