Денсаулық & Психология

Психотерапевт Марат Асимов: Отбасын сақтап қалуға болады

Елімізде ажырасу көбейіп кеткені жасырын емес. Тіптен, шошитын жағдайға жетті. Мұның себебі неде? Қайтсек ажырасудың алдын аламыз? Әкесіз өсіп жатқан балалардың көбеюі қоғам үшін қауіпті емес пе?

«Qadam.asia» көптен бері Қазақстандағы ажырасудың көбейіп кетуінің себебі мен салдарын білу үшін білікті мамандармен сұқбат ұйымдастырып келеді.

Бүгін Медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміздегі үздік психотерапевттердің бірі Марат Асимовпен сұқбаттастық.

«Психологияда «конфликттер болуы керек» деген қағида бар»

Қазір Қазақстанда ажырасу өте көбейіп кетті. Осыған ғылыми анықтама беруге бола ма?

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, көп жағдайда ажырасудың себебі ерлі-зайыптылардың қатынасына туыстарының араласуымен байланысты болып келеді. Сондай-ақ, ажырасу статистикасын құрайтын мынадай тіркестер де бар: түсінбеушілік, мінез бен дүниетанымның үйлеспеуі.

Менің пайымдауымша, бұлар сыртқы себептер. Өз басым психотерапевт ретінде мұның себебін – адамның жан-дүниесіндегі ішкі психологиялық мәселелерден іздеген дұрыс дер едім. Ең бастысы – конфликтті шешуге ерлі-зайыптылар бірлесіп әрекеттенбейді, оған құлқы да жоқ.

Психологияда «конфликттер болуы керек» деген қағида бар. Яғни, конфликт дамуға ықпал ететін фактор болып табылады. Атап айтқанда, конфликт жалпы қарым-қатынасты, отбасылық қатынастарды жақсы жағына дамытуға септігін тигізеді. Ажырасудың басты себебі – ерлі-зайыптыларда конфликтке дұрыс қатынастың болмауы. Конфликт – берекелі отбасын қалыптастыратын қарым-қатынаста үлкен маңызға ие фактор. Демек, ерлі-зайыптылардың конфликттен қашуы – дұрыс қарым-қатынастың қалыптаспауына себеп болуы мүмкін.

Жаңадан үйленген балаларының қарым-қатынасына араласпауға тырысатын ата-аналар жас отбасының ары қарай өмір сүріп кетуіне үлкен септігін тигізеді. Ең дұрысы жас отбасылар «өздері түсінсін» немесе «ұрысып-татуласуды өздері үйренсін».

«Әйелдер бұрынғыға қарағанда тәуелсіз бола бастады»

Сіз екі дәуірдің де куәсісіз. КСРО заманында ажырасу қазіргі кезге қарағанда аз болды ма?

Шыны керек, мен мұндай статистиканы білмеймін. Және статистиканың өзі ажырасудың нақты себептері туралы айтады деп ойламаймын.

Статистика сыртқы себептерді көрсетеді. Ал Кеңес Одағында ажырасу қазіргіге қарағанда аз болды деген статистикаға келсек, онда мен мынаны айта аламын. Кеңес заманында директивті қатынас, өзара әрекеттесудің директивті формасы басым болатын. Ол кезде патриархалдық қатынастар көбірек болды және адам құқықтары көбірек бұзылатын.

Қазіргі Қазақстанда адам құқықтары мен бостандығы шектелмеген. Гендерлік айырмашылықтар бойынша кемсітетін директивтік формалар аз. Яғни, әйелдер бұрынғыға қарағанда еркін, бұрынғыға қарағанда тәуелсіз бола бастады. Бірақ, екінші жағынан, ұлттық-мәдени факторлар мен дәстүрлер күшейе түсті. Бұл отбасылық қатынастарды нығайтуға да, бұзуға да себеп болуы мүмкін.

Сондықтан, біз ажырасудың төмендеуі немесе көбеюі туралы статистикамен жұмыс жасағанда, бұл жақсы немесе жаман белгі деп механикалық қорытынды жасай алмаймыз. Бұл әртүрлі факторларды тереңірек зерттеуді, салыстыруды қажет етеді.

«Адамдар психологқа жүгінуге ұялады»

Психотерапевт ретінде отбасылардың ажыраспай, әрі қарай өмір сүріп кетуі үшін қандай кеңестер берер едіңіз? Пациенттермен қандай методикамен жұмыс жасайсыз?

Бұл сұрақ мен үшін өте маңызды. Өйткені адамдар көбінесе психолог немесе психотерапевттің рөлін дұрыс түсінбейді.

Психологтың немесе психотерапевтің міндеті – жұптарды (клиентті) ажыраспауға немесе ажырасуға (немесе тағы бір өзекті мәселе вакцина алу немесе басқа емдеу әдісін қолдануға) нақты шешім қабылдату емес. Психолог ерлі-зайыптылардың жөнсіз әрекетінің себебін түсінуге, олардың жанжалдары арпалысқан сезімдерге ерік бергеннен туындамады ма, осыны түсінуге көмектесуі керек.

Психолог маманның міндеті ерлі-зайыптыларға (клиентке) өз сезімдерін қалай жеңуге болатынын білуге көмектесу – яғни, өзін-өзі басқару (Өзін-өзі басқару – бұл жеке психогигиенаны меңгеру үшін барлығына қажет нақты психотехника). Осыдан кейін ғана саналы шешім қабылдауға болады.

Психологпен жұмыс жасағаннан кейін ерлі-зайыптылар ажырасуға ешқандай себеп жоқ екенін және олардың шешімдері өздерінің ішкі конфликттерінен, бұлқынған сезімдерімен байланысты екенін түсінеді.  

Сондықтан, мен «Qadam.asia» арқылы ел азаматтарына мынаны айтқым келеді: психологтардан, психотерапевттерден көмек сұрауға қымсынбаңыздар. Өйткені психикалық сау адам ғана өзінің әлсіз жақтарын түсіне алады және олармен күресуге тырысады.

Заманауи психотехниканы игеріп, өз сезімдеріңізбен күресуді үйреніңіз. Ішкі психологиялық конфликттер мен проблемалардан қашпай, солармен бірге өмір сүре білу, жеке психогигиенамен айналысу өте маңызды екенін біліңіз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button