Вакцина адамдардың өмірін қалай өзгертті?
Covid-19 пандемиясы жұқпалы аурулардың қаншалықты қауіпті болатынын ұмытпастай етті. Коронавирус – вакцинацияны қару ғып алып соғысқан жалғыз жауымыз емес. Бұған дейін адамзат қаншама рет вакцина арқасында аурудан аман қалған.
Шешек ауруына қарсы вакцинация – медицина тарихындағы ең үлкен жетістік. ХХ ғасырдың өзінде бұл жұқпалы вирустық ауру 300 миллионнан астам адамның өмірін қиды. Бұрынғы дәуірлердегі құрбандардың санын санау тіпті де мүмкін емес.
Шешекпен ауырғандардың 30% ауыр азаппен дүниеден өтті, өйткені науқастың бүкіл денесі іріңдеп кететін. Ал тірі қалғандарының денесінде аурудың орны тыртық боп өмір бойы кетпейтіндей қалып қалады.
Ғасырлар бойы адамзат шешекке қарсы ем іздеп, ақырында алғашқы вакцинаны ойлап тапты. Аурудың жасанды түрдегі жеңіл түрі адам бойында иммунитет туғызуы мүмкін деген ой Қытайда туындады. Алғашқы вакцина өз атауын vaccinia (сиыр шешегі) ауруынан алды. Ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер 1796 жылы алғаш рет шешек ауруына шалдыққан Джеймс Фиппс есімді балаға вакцина салды. Ал 100 жылдай уақыт өткен соң Луи Пастер вакцинацияның негізгі принципін тұжырымдай отырып, француз тіліндегі vache (сиыр) деген сөзден – вакцина атауын ұсынды.
ХVІІІ ғасырда Ұлыбританияда шешекке қарсы вакцинаны әйгілі ақсүйек, зиялы ханым Мэри Монтегю қызу насихаттады. Ол өзі де жас кезінде шешек ауруына шалдыққан еді. Күйеуі елші болып қызмет еткен Түркия еліндегі тиісті тәжірибелермен танысқан соң, өз елінде вакцинаның қаншалықты маңызды екенін айтып, адамдарды вакцина ектіруге үгіттейді.
Кедей елдерде шешек ауруының тарауы басылмады. Тек 1967 жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жаппай вакцинация бағдарламасы іс жүзінде аяқтауға көмектесті.
Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 80% вакцинациялануы керек. Бірақ бірнеше миллиард адамға вакцина егу мүмкін болмады. Ал Нигерияның шығысында сыналған мақсатты иммундау тактикасы, яғни, жедел түрде шешек ошақтарын анықтап, көрші тұрғындарға вакцина егу айтарлықтай тиімді болып шықты.
Қазіргі кезде шешек ауруының тірі вирусы әлемде екі жерде ғана сақталған: Ресей мен АҚШ-тағы ең жоғары деңгейдегі зертханаларда.