Ғылым

Қашықтықтан оқытудың 10 ережесі: ата-аналарға кеңес

Балаңыз үйден оқитын болғандықтан, оның сабақ процесіне қатысуға тамаша мүмкіндік алдыңыз. Енді оның не оқып, не үйреніп жүргенін қадағалай аласыз. Сонымен, баланың онлайн оқуына қалай көмектесуге болады?

1. Балаңызға сабақ оқитын арнайы орын дайындаңыз. Жеке бөлме немесе жай ғана жеке жұмыс үстелі болса да жарайды. Ең бастысы, бөлмені таза ұстап, жақсы атмосфера орнатуға тырысыңыз.

2. Сабақ оқуға кедергі болатын нәрсенің бәрін алып тастаңыз. Үй жануары немесе кішкентай балалар оқушының мазасын алмауы керек. Бала болмысынан елеңдегіш болғандықтан, әр нәрсеге бір алаңдап, сабақ оқитын уақытты бос өткізіп алмағаны жөн.

3. Мектеп таңдаған оқыту платформасына алдын-ала тіркеліп, танысып алғаныңыз жөн. Бұл сабақ процесінде күтпеген жағдайлар туындатпас үшін қажет. 

4. Компьютердің (планшет, смартфон) жақсы жұмыс істеуі үшін және интернет жауапты сәтте сәтсіздікке ұшырамауы үшін техникалық мәселелерді де алдын-ала шешіп алыңыз. WI-FI істен шыққан жағдайда телефоннан тарату үшін шексіз интернет тарифін таңдаңыз.

5. Үйге киетін киіммен сабақ оқудың берекесі болмайды. Қажет болса, балаңызға мектеп формасын кигізіп қойсаңыз болады. Сонда бала өзінің оқушы екенін сезініп, партада отырғандай әсерде сабаққа кіріседі.

6. Сабақ кестесі мен берілген тапсырмаларды қабырғаға жапсырып қойыңыз. Мектептегі уақытпен оқытсаңыз тиімді болады. Әр сабақты оқып біткенде 5-10 минут үзіліс болатынын ұмытпағаныңыз жөн.

7. Балаңызға компьютердің алдында көп отырғанның зияны мол екенін естен шығармаңыз. Сондықтан физикалық жаттығу жасатып, миын сергіту үшін серуен құрған да артық болмайды. Балаға бір уақыт далаға шығып, алысып ойнаған да пайдалы.

8. Балаңызды марапаттауды ұмытпаңыз. Жақсы үлгерімі үшін бірге мультфильм көріп, сүйікті тағамын әзірлеп берсеңіз де болады. Бұл баланы сабақты жақсы оқуда одан сайын қанаттандыра түседі.

9. Мұғаліммен күнделікті байланыста болыңыз. Жаңа тапсырманы балаға қалай түсіндіруге болатынын, қандай жеңіл әдістері барын сұрауға қысылмаңыз.

10. Қашықтықтан оқытуды білім берудің жаңа формасы деп қабылдаңыз. Мұғалім де, оқушы да бұған жаңадан үйреніп жатқандықтан, байбалам салып, балаңызға дауыс көтерудің қажеті жоқ. Ең бастысы, балаңыздың болашағына жауапкершілікпен қарап, сапалы білім алуына үлес қосып жатырмын деп ойлаңыз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button