Ғылым

Коронавирусты сабақ оқу үлгісіне айналдыруға бола ма?

Коронавирустық пандемияның ұтымды тұсын пайдаланып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятатын тамаша мүмкіндік ретінде қарастырсақ болады. Мәселен, оларға «гигиена адам өмірін қалай құтқарады?» немесе «микробтардың таралуына не ықпал етеді?» деген сынды сұрақтар қойып көріңіз. Ал жоғарғы сыныпта оқитын балалар карантин кезеңі туындатқан этикалық сауалдарға жауап іздеп, статистикалық тапсырмаларды шешуіне болады. Біз вирусты қандай пәндер арқылы оқытуға болады деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Математика: COVID-19 статистикасын сараптау

Оклахома штатындағы Ғылым мен математика мектебінің президенті әрі математика пәнінің мұғалімі Фрэнк Ван 2010 жылдан бері оқушыларына «эпидемия математикасы» сабағын оқытады екен. 

«Әлемде боп жатқан соңғы оқиғалар– нағыз катастрофа, бірақ соған қарамастан, математиканы қолдана отырып, ағымдағы оқиғаларды зерттеу оқушыларды ынталандыруы мүмкін. Қазір олар бұрын пайдасыз болып көрінетін экспоненциалды өсу теңдеуі ӨЖЖ аппараты мен аурухана төсектерінің санын есептеуге көмектесетінін түсінеді», – дейді ол коронавируске байланысты пікір білдіріп. Фрэнк мұғалімдерге мысал ретінде: «қырық миллион адам аурудың эпицентрінде жиналып, сосын үйлеріне қайтқан кездегі вирустың таралу жылдамдығын оқушыларға есептетіп көріңіз, осылайша инкубациялық кезеңді, өлім-жітімді санауды үйретесіз» деген ұсыныс жасайды.

Биология: вирустарды дәл қазіргі сәтте зерттеу 

Солтүстік Дакота штатының Бисмарк қаласындағы Century High School мектебінің мұғалімі Скотт Джонсон оқушыларына коронавирустың ағзаға әсері жайлы барлық ғылыми мақалаларды оқытып, онлайн сабақта өзара талқылатады екен. Жаратылыстану Ғылымдары Оқытушыларының Ұлттық Қауымдастығы (NSTA) бұл жүйені ғылым мен инженерлік практиканың пәнаралық байланысына негізделген «3D оқыту» деп атайды. 

Оқушылардың қазір болып жатқан құбылыстарды жете түсініп, қоршаған орта жөнінде дұрыс сұрақ қоя білуі өте маңызды. Олар вирустың пайда болуы мен таралуы туралы логикалық қорытынды жасап үйренеді. Келешекте бұл сәтті тәжірибелер мен зерттеулер жасауға ықпал етеді. «3D оқыту» жүйесінің негізгі мақсаты да –осы.

Тарих пен әдебиет: коронавирус кезеңі жайлы күнделік жазу

COVID-19 – ерекше жан тебірентерлік оқиғалардың қайнар бұлағы десек те болады. Оқушыларға әртүрлі ақпараттармен жұмыс істеуді үйретіп, коронавирус жағдайында өздерін қызықтырған дүниелерді сипаттап жазуға талпындырған жөн. «Кейін ол жазбалар тарихшылардың зерттеуіне де әсер етуі мүмкін» дейді Амелия Ниренберг The New York Times басылымындағы мақаласында. 

Ygnacio Valley High School мектебінің қоғамдық ғылымдар мұғалімі Брайан Шоу күнделік жазудың нұсқаулығын жасаған. «Әр күн сайын жаңалықтардан, туыстарың мен достарыңнан естіген ақпараттарды түртіп отыру керек. Өз-өзіңді видеоға түсіруден не өлең жазып, кескіндеме салудан қысылудың қажеті жоқ. Өйткені, мұның бәрі жаһандық пандемия кезеңінің маңызды құжаттарына айналуы мүмкін», – дейді ол оқушыларына тапсырма бере отырып. Мұндай күнделікті кешкілік уақытта отбасы мүшелерімен маңызды оқиғаларды талқылай отырып, бірге жүргізуге де болады.

Күнделік жүргізуге арналған сұрақтар тізімі:

Үкімет бүгін не жариялады? / не жасады? Маңызы бар ма?

Бұл саған қалай әсер етті? Отбасың қалай қабылдады?

Сен тұратын жерде қандай қоғамдық орындар жабылды / ашылды?

Сен тұратын көшенің көрінісі қандай? Адамдар аз ба, көп пе?

Бүгінгі күннің өткен күннен айырмасы бар ма?

Саған не нәрсе үміт береді / үрей тудырады? (мәселен, интернеттегі жаңалықтар, өзіңнің жеке бақылауларың)

Отбасыңда қандай қажеттіліктер бар? Не нәрсеге мүмкіндік жоқ?

Мұндай сұрақтар баланың отбасында, көшесінде, қаласында, жалпы әлемде боп жатқан жағдайларды сараптап, қорытынды жасауына септігін тигізеді.

Қоғамтану: короновирус тақырыбы бойыныша дебат өткізу

Дебат арқылы оқушылардың сыни ойлауын, эмпатиясы мен рефлексиясын дамытуға болады. Мәселен, тақырып ретінде Италиядағы жаңалықтарды алайық: вирусқа шалдыққандардың көптігінен ӨЖЖ аппараты кімге бұйыратынын дәрігерлер шешкен жағдайларды талқылау оқушыларға қызық болуы мүмкін. Нақты жауабы жоқ әлеуметтік әділеттілік жайындағы мұндай мәселе оқушыларға күрделі этикалық ситуацияларды сараптауға, құндылықтар жүйесін түсінуге көмектеседі.

Алдымен оқушыларға этикалық шешім қабылдау әдісі туралы айтыңыз:

ситуацияны зерттеу;

барлық құндылықтарды тану;

этикалық дилемманы анықтау;

өз позициясымен сәйкес келетін құндылықты анықтау;

өз шешімін нақты аргументтер арқылы жеткізу.

Медиалық сауаттылық: жаңалықтар оқып үйрену

Қашықтықтан оқыту жүйесінде жаңа технологиялар арқылы білім беруге болады. Мысалы интернеттегі вирус жайлы алып-қашпа әңгімелер вирустың өзінен де тез тарап, халықтың үрейін тудырды. Осыған байланысты оқушылардың қызығушылығын оятып, жалған ақпараттарды ажырата білуге үйрететін сабақтар өткізсе болады. Бұл пандемияға қатысты алаңдаушылықты да азайтар еді.

2016 жылы Стэнфорд университетінің профессоры Сэм Уайнбург АҚШ-тың 12 штатынан 8000 оқушыға жүргізген зерттеуі арқылы олардың интернеттегі ақпаратты талдай білу қабілеті өте нашар екендігіне көз жеткізген.

Сэм Уайнбург мектепте медиалық сауаттылықты оқытудың 3 негізгі қағидасын атап көрсеткен:

1.Саналы түрде оқу

Кейде ақпараттың көптігінен мақаланы «көлденең оқимыз» деп маңызды фактілерді жіберіп аламыз. Пандемия кезінде бұлай оқу өте қауіпті. Сондықтан оқушыларға мұқият оқуды, қажетті ақпаратты қойын дәптеріне жазып алып, басқа да дереккөздермен салыстыруды үйрету керек.

2.Бірнеше сайттан іздеу

Тіпті ресми сайттардағы жаңалықтар да шындыққа жанаспауы мүмкін. Сол үшін оқушылар сайтты не басқа да жаңалық көзін тексеруге, сайт әкімшілігі жөнінде мәлімет алуға, үшінші тарап ресурстарынан пікірлерді оқуға дағдыланған жөн.

3.Бірнеше сілтемелерден іздеу

Браузерде сұраққа жауап іздеу әрекетіміз, әдетте, бірінші ашқан бетімізбен аяқталады. Бірақ бірінші кезіккен нәтижеге сене беруге болмайды. Оқушыларға ақпаратты бірнеше ресурстан іздеп оқып, содан кейін ғана шындыққа сәйкес келетін дереккөзді табу керектігін түсіндірген дұрыс болады.

Кейбір мектептерде оқушыларғатексерілген сайттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы сүзгілер бар.Бірақ бала бұған дағдыланбағандықтан, өз бетінше ізденгенде ақпараттардың рас-өтірігін анықтай алмайды. Ал пандемия кезеңі – баланың жалған әрі улы жаңалықтарға қарсы иммунитетін қалыптастыратын тамаша мүмкіндік. 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button