Ғылым

Медицинаны түсінуге көмектесетін ТОП-10 кітап

Qadam.Asia сайты белгілі бір сала бойынша білімін кеңейткісі келетін жандарға арнап ең қызықты кітаптар тізімін ұсынатын болады. Бұл материалда сіз медицинаны түсінуге көмектесетін ТОП-10 кітаппен танысасыз.

ЭЛИЗАБЕТ ЭЛЕН БЛЭКБЕРН, ЭЛИССА ЭПЕЛЬ «ТЕЛОМЕР ЭФФЕКТІСІ»

Молекулалық биолог Элизабет Блэкберн 2009 жылы физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл кітапта Элизабет психолог Элисса Эпельмен бірге ұзақ өмір сүруге септесетін теломерлердің ұзаруына қалай ықпал ету керектігі туралы жазады. Мұнда түсініксіз терминдер, қиын сөйлемдер жоқ. Авторлар қарапайым тілде күн тәртібінің дұрыс режимі, дұрыс тамақтану және физикалық жаттығу туралы кеңестер береді. Олардың пікірінше, қалыпты өмір салтын өзгерту өте маңызды. Теломерлердің жаңа функциясының ашылуы – адамдардың қартаю процесін өздері басқара алатындығын дәлелдейді.

ОБРИ ДИ ГРЕЙ «ҚАРТАЮДЫ БОЛДЫРМАУ»

Бұл – қартаюдың алдын алуға көмектесетін көмекші құрал. Британдық ғалым Обри ди Грей медициналық технологиялардың көмегімен қартаюмен күресудің нақты әдістерін жазған. Жазылған дүниелер фантастикалық теориялар сияқты көрінуі мүмкін, бірақ кітап сізді, тіпті ең соңғы пессимисттің өзін де ойландыратыны анық. Кітаптың тілі көпшілікке ауыр болуы мүмкін. Десе де, мұндағы ойлар мен көзқарастарды түсіну үшін биология мен химиядан базалық білім болса жеткілікті.

ПОЛ КАЛАНИТИ «ТЫНЫСЫҢ АУАДА ЕРІГЕНДЕ»

37 жасында өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болған талантты нейрохирургтің кітабы 2016 жылы әлемдік бестселлерге айналды. Бұл медициналық мекемелердің күнделікті жұмысы туралы емес, жеке өмірдің мағынасын іздеу туралы мемуар кітап.

Егер сіз дәрігер болсаңыз, науқастың басына түскен өлім қаупін кейінге қалдыруға және ауыртпалық түсірмеуге барыңызды салуға міндеттісіз. Кітапты оқып отырып жас дәрігердің науқастың өмірін қалай мағыналы етуге болады деген сауалға жауап іздегенін, уақыт өте келе шындықпен бетпе-бет келіп, өзі де науқасқа айналғанын түсінеміз.

ЙОХАННЕС ХИНРИХ ФОН БОРСТЕЛЬ «ТУК-ТУК, ЖҮРЕК!»

Жүрек көңіл-күйің мен жағдайыңа қарамастан күніне, шамамен, 100 000 рет соғады. Ол өз жұмысын ондаған жылдар бойы демалыссыз атқаруда. Ал біз жүрегіміздің бұдан да ұзағырақ соғуы үшін қалай көмектесе аламыз? Бұл кітаптың авторы, кардиолог Йоханнес Хинрих фон Борстель жүрекке пайдалы және зиянды нәрселер туралы біз біле бермейтін мәліметтерді жинастырған. Ішімдік, фастфуд, никотин – мұның бәрі ағзамызға зиян екенін білеміз. Автор «анау зиян, мынау зиян» деп бәрінің беретін ақылын қайталамайды, ол әр заттың және әр әрекеттің біздің ағзамызға қалай зиян келтіретінін, жүрек-тамыр жүйесінің құрылымын, жалпы ауруларды, жүрек соғысының табиғатын және тіпті «жаралы жүректі» қалай емдеуге болатынын талдап түсіндіреді.

ЙАЭЛЬ АДЛЕР «ТЕРІ НЕНІ ЖАСЫРАДЫ?»

Кейде біз терінің жүрек немесе ми сияқты маңызды орган екенін ұмытып кетеміз. Эпидермистің жалпы ауданы шамамен 2 шаршы метрді құрайды, ал тері ауруларын, әрдайым көзімізге көрініп тұратындықтан, ең үлкен дискомфорт туғызатын аурулар деп есептесек те болады. Мәселен, жай ғана псориаз бен нейродермитті еске түсіріп көріңіз.

Кітапта медицина ғылымдарының докторы Йаэль Адлер теріміз туралы өте маңызды ақпараттармен бөліседі. Тері қандай қабаттардан тұрады, жас ерекшелігімізге байланысты қалай өзгерістерге ұшырайды, тамақтану мен эмоциямыз терімізге қалай әсер етеді – осы сұрақтардың жауабын біз ұсынған кітаптан таба аласыз.

ДЖУЛИЯ ЭНДЕРС «ТАҢҒАЖАЙЫП ІШЕК. ЕҢ ҚУАТТЫ ОРГАН БІЗДІ ҚАЛАЙ БАСҚАРАДЫ?»

Ішек туралы әңгіме қозғау қоғамда ұят сияқты боп көрінеді. Бірақ нағыз кәсіби дәрігерлер ішек жұмысы туралы жасырын сөз қозғауды жөн деп есептемейді. Неміс гастроэнтерологы Джулия Эндерс өз тәжірибесіне сүйене отырып, ішектің ішінде не болып жатқанын және бұл бізге қалай әсер ететінін ашық жазған. Кітаптағы ең негізгі мәселе – ішектің мимен байланысы. Автор «Асқазан-ішек жолындағы өзгерістер тікелей миымызға әсер етеді» дейді. Бұл іс жүзінде адамның психикалық жағдайына тікелей қатысып, әртүрлі психикалық ауытқуларға әкеп соқтыруы мүмкін. Эндерс өзінің баяндауларында «жылмаң өңеш», «қисық асқазан», «пайдасыз соқыр ішек» секілді қызықты теңеулер келтіре отырып, оқығаныңызды есте сақтауға көмектеседі.

ГЭВИН ФРЭНСИС «ХИРУРГТІҢ ДЕНЕ МҮШЕЛЕРГЕ САЯХАТЫ»

Шотландық хирург әрі жазушы Гэвин Фрэнсис сіздің санаңызды өзгертуге дайын! Тәжірибеге толы жылдарында ол оқырманымен бөлісетін көптеген қызықты оқиғаларды жинақтаған. Фрэнсис адам денесіне мұражай немесе ғибадатхана секілді саяхат жасатады. Өз ағзаңызға сырт көзбен қарап, ішкі әлеміңізді жаңадан танығандай боласыз. Кітаптың жанды тілі мен қағытпа қалжыңдары сізді жалықтырмайды.

ГЕНРИ МАРШ «ЗИЯН КЕЛТІРМЕ. ӨМІР, ӨЛІМ ЖӘНЕ НЕЙРОХИРУРГИЯ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР»

Нейрохирург Генри Марш әрдайым ең ауыр операцияларды жасаған, оның тәжірибесінде ең қауіпті аурулары бар адамдар болған. Кітаптағы әр тарау автордың өз тәжірибесінен алынған әртүрлі қауіпті ауруларға арналады.

Ешқашан қателеспеген және барлық науқастарын өлімнен құтқарған дәрігер жоқтың қасы. Бірақ біз ақша туралы емес, адамдар мен олардың отбасыларының тағдыры туралы ойлаған кезде дәрігерлердің мұндай жауапкершілікпен өмір сүруі қандай болатынын және сәтсіздіктерді қалай қабылдайтынына бас қатыра бермейміз. Автор операция үстеліндегі барлық ситуацияны, қобалжуларды, өлім мен өмірді және өзінің мамандығын керемет сипаттап жазған.

МЕЙЕР ФРИДМАН, ДЖЕРАЛЬД ФРИДЛАНД «МЕДИЦИНА ТАРИХЫНДАҒЫ 10 ҰЛЫ ЖАҢАЛЫҚ»

Бұл кітапта Ренессанс дәуірінен ХХ ғасырға дейінгі кезең қамтылады. Адам анатомиясын алғаш рет дәл суреттеген Андреас Везалийден бастап, ДНҚ құрылымын ашқан Морис Уилкинс, Фрэнсис Крик, Джеймс Уотсондарға дейінгі медициналық теория мен практикадағы ең үлкен ашылулардың тарихы жазылған. Бұл жаңалықтардың ішінде антибиотиктер мен анестезия ғана емес, сонымен қатар, рентген сәулелерінің, тіндер мәдениетінің және қанмен қамтамасыздандыру жүйесінің сипаттамалары да келтірілген.

РЕБЕККА СКЛУТ «ГЕНРИЕТТА ЛАКСТЫҢ ӨШПЕС ӨМІРІ»

ХХ ғасырдың ортасында медицинада кездейсоқ революция жасаған афроамерикалық әйел Генриетта Лакстың ерекше өмірі жайында бұл кітап барлық оқырманға арналады. Журналист Ребекка Склуттың бұл кітабы 2010 жылы әлемдік бестселлерге айналды, ал 2017 жылы HBO арнасында Опра Уинфри басты рөлде ойнаған Генриетта Лакстың өмірі жайлы телесериал жарық көрді. Кейіпкердің ғажайып оқиғасынан кейін биоэтика жайындағы ең шулы пікірталастар басталған еді. Әлі де жалғасын тауып келе жатыр…

Qadam.Asia

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button