Қазақстанда ақылы жолдарды енгізу шарасы кейінге қалды
Қазақстанда биыл 18 жол теліміне ақы енгізілу жоспарланған еді. Алайда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл жоспардың кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Негізгі себеп – ақы енгізіледі деп жоспарланған жолдардың талапқа сай болмауы. Әлі жөндеуден өтуі керек деседі.
Ақы енгізілмек болған жол телімдерінің тізімі мынау: Тараз – Қайнар, (238 км), Тараз – Шымкент (140 км), Шымкент – Қызылорда (453 км), Шымкент – Ташкент (84 км), Щучинск – Көкшетау (72 км), Қапшағай – Талдықорған (184 км), Нұр-Сұлтан – Павлодар (396 км), Ақтау – Жаңаөзен (164 км), Нұр-Сұлтан – Қостанай, Павлодар – Омбы, Ақтөбе – Орал, Атырау – Бейнеу. Ақтау – Бейнеу. Бұлардың жалпы ұзындығы – 5800 шақырым.
«ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, қазір осы жол телімінің 1700 шақырымына қайта тексеріс жұмыстары жүргізілуде.
«Қазір комиссия экспертиза жүргізіп жатыр. Тексеріс нәтижесі дайын болған соң, қоғамдық тыңдалымға салынып, тариф сомасы сол кезде бекітіледі», – дейді ұлттық компания өкілі Диас Ахметшарип.
Ал қалған 4100 шақырымы қайта жөндеуден өтетін болды. Бірақ сомасы әзірше белгісіз.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі 18 жол телімін ақылы етуге техникалық жағдайының талапқа сай келмеуіне байланысты келісім бермеді», – дейді ұлттық компания өкілі.
Ал жолды жөндеу жұмыстарына қанша қаржы кететіні әлі белгісіз.
Айта кеткен жөн, биыл осы 18 жол телімі наурыз айынан бастап ақылы болады деп жоспарланған. Кейін мамыр айына шегерілді. Сол кезде өңір-өңірде жүк көлігінің иелері жаппай наразылыққа шығып, жолға ақы енгізу экономикаға шығын әкелетінін айтқан еді. Министрлік пен ұлттық компания аталмыш наразылықтан кейін істі қайта қараған көрінеді.