Қоғам

10 наурызда 18 млн-ға құжат қабылдау басталады

2021 жылдың 10 наурыз күні «Алматы жастары 4.0» тұрғынүй бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Бұл үшін бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген.

Былтыр «Алматы жастарына» 13 млрд теңге бөлініп, алматылық 1000 жасқа баспана алу үшін 13 млн теңгеден берілген еді. Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы тағы іске қосылмақшы. Сондай-ақ, әр адамға 18 млн теңгеден берілетін болды.

Бұл туралы 2021 жылдың 15 қаңтар күні өткен VII шақырылымдағы мәслихаттың бірінші сессиясында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқан еді.

Енді Алматының тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров «Алматы жастары 4.0» қашан басталатынын айтты.

Ермек Әміров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде: «2021 жылы қалалық «Алматы жастары» тұрғынүй бағдарламасына құжат қабылдау 10 наурызда басталады» – деді.

Оның айтуынша, 14 миллиард теңге қала бюджетінен, 4 миллиард теңге «Отбасы банкі» акционерлік қоғамынан қарастырылған.

«Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасына өтініштер мен құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 10 наурызынан бастап 31 наурызға дейін (31 наурыз қоса есептеледі) жүргізіледі», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары.

Сонымен бірге Ермек Әміров 2020 жылы тұрғынүй алу үшін резервке енген азаматтар жолдама алғандар тізіміне автомат өтпейтінін, биыл қайта конкурсқа қатысуы керек екенін айтты.

Биыл «Алматы жастарына» кімдер қатысады?

«Алматы жастары» тұрғынүй бағдарламасына:

  • денсаулық сақтау;
  • білім беру;
  • мәдениет;
  • спорт;
  • жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері;
  • журналистер;
  • әлеуметтік сал;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады.

Ермек Әміров биыл бағдарламаға қатысуға құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаңадан қосылғанын айтты.

«Алматы жастары» бағдарламасының шарттары:

  • Бюджет – 18 миллиард теңге;
  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 миллион теңгеге дейін;
  • Процент мөлшерлемесі – 5%;
  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігі;
  • Қамту – 1000 адам.

«Алматы жастары» бағдарламасының талаптары:

  • Қазақстан Республикасының азаматы;
  • Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш беру кезінде жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;
  • Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғынүйдің, сонымен бірге Қазақстан аумағында кейінгі 5 жыл ішінде тұрғынүй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы;
  • Қатысушы кем дегенде кейінгі 6 ай Алматыда ресми жұмыс істеуі керек, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет;
  • Алматыда тіркелген, жарты жылдан кем емес мерзімде әрекет ететін Жеке кәсіпкерлік (бұл талап мәдениет саласындағы өзін өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты);

Өтініш берушілердің тізімі балдық жүйені ескере отырып санаттар бойынша қалыптастырылады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button