Баспана Хит пен «7-20-25» бағдарламасы жабылды. Үй бағасы арзандай ма?
Жақында Қазақстан үкіметі ұлттық қордан қаржыландырылып отырған «Баспана Хит» және «7-20-25» бағдарламаларының тоқтатылатынын мәлімдеген еді. Бұл қос баспана бағдарламасы – тұрғын үй нарығындағы ең белді, жеңілдетілген бағдарламалар еді. Енді ол жабылса, баспана нарығы тағы құлдырауы мүмкін деген болжам бар.
Аталмыш болжам қаншалықты шындыққа жанасымды. Сол жағын білмек мақсатта сарапшылардың ойын жинастырдық.
Зейнетақы қаржысы бітті
Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, тұрғын бағасы жақын маңда бәрібір арзандайды. Жаңа үйлер 10 пайызға, ал екінші нарықтағы үйлердің бағасы 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Себеп – аталмыш екі бағдарламаның жабылатында емес, тұрғын үй нарығында құйылған зейнетақы қаржысы төңірегіндегі ажиотаж аяқталғанында. Зейнетақы қорынан тұрғын үй нарығына біз ойлағандай мол қаржы құйылған жоқ.
«Тұрғын үй нарығында дүрлікпе тәмам болды. Енді бағаның түсетіні айдан анық. Ипотекалық бағдарламалардың жабылуы да үй бағасын арзандататыны түсінікті. Меніңше, жеңілдетілген ипотека нарығында тек бір ғана институт қалмақ. Ол – Отбасы банкі. Мемлекет тарапынан арзан ипотекаға берілетін субсидияның бәрі осы банкке құйылады», – дейді Ермек Мүсірепов.
Осы жерде айта кеткен жөн, жабылғалы жатқан екі мемлекеттік бағдарлама да Отбасы банкінен емес, басқа банктерден қаржыландырылатын. Енді бұл бағдарлама жабылса, тек Отбасы банк қана тұрғын үй нарығының операторы болып қалмақ. Демек Ермек Мүсіреповтің ойынша, ипотека нарығында тоқырау болмайды, өйткені Отбасы банкіндегі басқа да ипотекалық бағдарламалар бар. Солар тұрғын үй нарығын ұстап тұра алады.
Банк бәрібір зардап шекпейді
Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, аталмыш бағдарламалардың жабылуы құрылыс салушылар мен қарапайым халыққа ғана залал келтіреді.
«Әрине, ипотекалық бағдарламалардың жабылуы тұрғын үй нарығына кері әсерін тигізеді. Екінші дәрежелі банктер бәсекелестік жоқтығынан ипотеканың пайызын көбейтіп, баспана нарығын біршама құлдыратады. «7-20-25» бағдарламасы жаңа үйлерге ғана берілгендіктен, жаңа үйлерді салуға деген құрылысшылардың құлшысын арттырған еді», – дейді Микрюков.
Оның айтуынша, бағдарламалар жабылғанымен, тұрғын үй бағасы арзандай қояды дегенге күмән басым. Өйткені құрылыс материалдары күн сайын қымбаттауда. Құрылысшылар өз шығынын жабу үшін бағаны өз қалпына ұстап тұруға тырысады.
Алар үлесі аз
Қазақстан Риэлторларының бірлескен қауымдастығы вице-президенті Елена Гриваның айтуынша, «Баспана Хит» пен «7-20-25» бағдарламасының баспана нарығында алатын орны аз.
«Мәселен, 2020 жылы 307 мың сату келісім жасалған болса, соның 18 мыңы – «Баспана Хитке» келеді. Бұл дегеніміз, 5,9 пайыз ғана. Ал 7-20-25-тің үлесі – 3% ғана. Бұл бағдарламалар нарықтың белгілі бір бөлігін жапқаны рас. Бірақ бүкіл нарыққа әсер етер күші жоқ», – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, аталмыш бағдарламалар жабылды дегеннің өзінде банктер қазір сұранысты қанағаттандыру үшін басқа да жеңілдік түрлерін жасап жатыр. Пайызы жоғары болуы мүмкін. Бірақ қосымша жеңілдігі қоса беріледі.
«Оның үстіне, құрылыс саласы Қазақстан үшін экономикалық драйвер болғандықтан, оны тоқтатып тастаудың зияны шаш-етектен. Сондықтан бұл салаға стимул беру үшін оны қолдаудың басқа бір түрлерін табады», – дейді Елена Грива.
Нарық бәрібір өзінікін істейді
TETIN консалтинг компаниясының бас директоры Лев Тетиннің айтуынша, нарықты – үлкен теңіз десек, мемлекеттік бағдарлама – сол теңізге құйылған тамшы ғана. Яғни, мемлекеттік бағдарлама нарыққа уақытша ғана өзгеріс енгізеді. Не құлдыратады, не көтереді.
«Қазір екінші банктер «Баспана Хит» пен «7-20-25» бағдарламасына ұқсас ұсыныстар дайындап жатыр. Қалған нарықты сол ұсыныс жабады», – дейді Тетин.