Депутат Алашорда әскерінде қаза болған сарбаздардың ресми тізімін жасауды ұсынды
Қазақстан мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Берік Дүйсенбинов Алашорда қозғалысына қатысып қаза болғандардың ресми тізімін жасау қажет деп сауал жолдады.
Оның айтуынша, қызыл әскерге қарсы шығып алғаш ұйымдасқан түрде күрес жүргізген – Алашорданың әскери бөлімдері еді.
«Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес, сол бөлімдерде бірнеше мың жас қазақ соғысқан. Соның ішінде ұрпақ қалдырып үлгермеген мыңдаған өрімдей жас қатысып, құрбан болды. Бүгінде олардың сұрау салатын іздеушілері де жоқ. Әлі күнге дейін ақталған да жоқ. Бұл көтерілісте құрбан болған батыр бабаларымыз бен Алаш әскерінің құрамында жүріп жанын пида еткендердің тізімін ресми қолға алу қажет«, – деп сауал жолдады депутат Берік Сәлімжанұлы премьер-министрдің орынбасарына.
Депутаттың айтуынша, бұл тізіммен бірге 1920-1930 жылдары болған 360-тан астам қарулы көтіріліс пен ашаршылық кезінде құрбан болғандардың ба тізімін жасау қажет.
«Бұл тізімді жариялап, жаңартып отыру үшін ресми сайт ашып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек«, – деді депутат.
Айта кеткен жөн, 2020 жылдың аяғында Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған еді.
Тарихшы, академик Ханкелді Әбжанов бастаған «Әділет» қоғамы мен Ғарифолла Әнес басқарған «Арыс» қоры аштық құрбандарын анықтап, тізімдеу жұмыстарын қолға алған еді.
Оқи отырыңыз: Алашорда құрған полицияда қанша адам болды?