Қоғам

Кредит туралы ең маңызды сұрақтарға жауап

«Qadam.asia» оқырмандары қаржылық сауаттылық пен кредитке байланысты біршама білім жинады деп ойлаймыз. Біз осы бағыттағы материалдарды көптеп жариялап, өз табысын дұрыс басқара алатын азаматтардың көбеюіне үлес қосқымыз келеді.

Ел азаматтарының арасында кредиттік тарих туралы және кредиттеу тақырыбы бойынша көптеген сұрақтар туындап жататынын білеміз.

Кредиттік тарихты «қайта жазуға» бола ма? Кредиттер бойынша мерзімін кейінге қалдыру және 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік көмек кредиттік тарихқа әсер етті ме? Неліктен банктер кредит беруден бас тартуы мүмкін?

Осы сынды сауалдардың жауабын бірге іздеп көрейік.

Кредиттік есепте қарыздар бойынша мерзімін кейінге қалдырғаны және әлеуметтік төлемдерді алғаны көрсетіле ме?

Маңызды:

Төтенше жағдайда және карантин енгізуге байланысты табысынан айырылған азаматтар үшін банктік кредиттер мен микроқарыздар бойынша төлемдерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру, сондай-ақ оларға берілген әлеуметтік көмек қарыз алушының кредиттік тарихының нашарлауына негіз болып табылмайды. 

Біраз уақыттың алдында төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі жарияланған болатын.

Осы Тәртіптің жетінші тармағында: «Төлемдерді Тәртіпте көрсетілген талаптармен тоқтата тұру қарыз алушының кредиттік тарихының нашарлауына және қарыз алушы туралы жағымсыз ақпаратты кредиттік бюроға беруге негіз болып табылмайды» деп айтылған.

Есте сақтаңыз:

Заңнамада 42 500 теңге әлеуметтік көмек алған азаматтарға кредит беруге және кредиттер бойынша мерзімін кейінге қалдыруға тыйым салу көзделмегенін атап өтеміз. Әлеуметтік төлемдердің сомасын банктер клиенттің төлемге қабілеттілігінің төмен болу белгісі ретінде емес, оның табысы ретінде ескереді.

Тәртіпке сәйкес төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруды алған клиенттер бойынша банктер клиенттің мерзімін кейінге қалдыру кезеңі аяқталғаннан кейін төлемдер кестесінде міндеттемелерге қызмет көрсетуді қалпына келтірген жағдайда қайтадан кредиттеу туралы оң шешім қабылдай алады (жекелеген талаптар орындалған жағдайда, мысалы, кемінде үш уақтылы орындалған төлемдер болған кезде).

Егер кредиттік тарих «бүлінген» болса, банктер кредит беруден бас тарта ала ма?

Маңызды:

Бас тарта алады. Кредит беруден бас тартудың ең көп тараған себебі – кредит тарихында көрсетілетін кредит бойынша төлем мерзімін өткізіп алу. Кредит тарихы – сіздің кредит міндеттемелеріңіз туралы жазбалардан тұратын қарыз алушының досьесі.

Есте сақтаңыз:

Сіз кредитті қашан рәсімдедіңіз және қандай сомаға? Уақытында төледіңіз бе немесе кешіктірдіңіз бе? Кредит алу үшін басқа банктерге жүгіндіңіз бе? Қоса қарыз алушы немесе кепілгер болдыңыз ба? Мұның бәрі кредиттік тарих базасына енгізіледі. Қарызды ресімдеу кезінде банк әлеуетті клиент туралы деректерді кредиттік бюролардан сұратады.

Сондай-ақ, егер төленбеген айыппұлдар, салық берешегі және т.б. болса, кредит беруден бас тартылуы мүмкін.

Банктер қарыз беру туралы шешімді қалай қабылдайды?

Маңызды:

Қарыз беру туралы шешім қабылдау алдында банктер әлеуетті қарыз алушының кредиттік қабілеттілігін, төлем қабілеттілігін, қаржылық тұрақтылығын анықтау үшін қаржылық жағдайын бағалайды. Банктер клиенттердің кірісінің тұрақтылығы мен мөлшерін тұтас сарапқа салады.

Есте сақтаңыз:

Банктер үшін ресми кірістің болуы, соңғы алты ай ішінде зейнетақы аударымдарының үздіксіздігі, қарыз алушыны, кепіл мүлкін және өзге де маңызды мәліметтерді тексеру нәтижесінде анықталған басқа да теріс ақпараттың болмауы маңызды.

Сондай-ақ, банктер клиенттің борыш жүктемесін есептеуді жүзеге асырады. Егер клиенттің жалпы кірістері борыш жүктемесін ескере отырып, кредиттер бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін жеткізілсіз болса, скорингтің автоматтандырылған жүйесі кредит беруден бас тартады.

Кредиттік тарих қанша уақыт сақталады?

Маңызды:

«Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңға сәйкес кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ол туралы соңғы ақпаратты алған күннен кейін 10 жыл бойы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді. Қарыз алушылардың кредиттік тарихын жоюға жол берілмейді.

Нашар кредиттік тарихты түзетуге бола ма?

Мерзімі өткен несиесі бар қарыз алушылар үшін кредиттік тарихты жақсарту мүмкіндігі жақында пайда болды.

Маңызды:

Кредиттік бюро 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған және бар кредитке (банктік қарыз немесе микрокредит) «қалпына келтірілген» мәртебесін мына жағдайларда бере алады:

  • кредит бойынша берешекті өтегеннен кейін күнтізбелік 12 ай өткен соң;
  • қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күні қолда бар берешек соманың 50%-дан астамы өтелгеннен кейін, күнтізбелік қатарынан соңғы 12 ай ішінде кредитті қайта құрылымдаудан немесе қайта қаржыландырудан кейін күнтізбелік 30 күннен кешіктіру болмаған жағдайда болады;
  • мерзімі 90 күнтізбелік күннен астам кешіктірілген берешек өтелгеннен кейін қатарынан соңғы 12 күнтізбелік ай ішінде мерзімі 30 күнтізбелік күннен аса кешіктірілген берешек болмаған кезде.

Кредиттік тарихтан жағымсыз ақпаратты жою мүмкін бе?

Маңызды:

Егер біреу кредиттік тарихыңызды белгіленген ақыға «жақсартуды» немесе дербес кредиттік есебіңізден жағымсыз ақпаратты алып тастауды ұсынса – бұл алаяқтар. Мұндай қызметті ұсынатын ұйымдарға сенбеңіз!

Есте сақтаңыз:

Алаяқтар басқа адамдардың құжаттары бойынша кредит алатын кездер де болады. Сондықтан, кредит болмаған жағдайда да жылына бір рет өзіңіздің кредит тарихыңызды тексеріп отырыңыз.

Заңға сәйкес, жылына бір рет әрбір Қазақстан азаматы өзінің кредиттік тарихын ақысыз тексере алады.

Кредиттік тарихты қайдан тексереміз:

  • Мемлекеттік кредиттік бюродан;
  • Бірінші кредиттік бюродан.

Сондай-ақ, электрондық үкімет сайтынан да кредит тарихыңызды онлайн ала аласыз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button