Қоғам

Талантты жастардың елде қалуы үшін жағдай жасау керек

Қазан айының 23 күні «Жастардың бейбітшілікті қалыптастырудағы рөлі: мәселе мен мүмкіндіктері» тақырыбында онлайн сессия өтті. Сессия кезінде жастар арасындағы бірнеше мәселе талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.

Qadam.asia редакциясы Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының директоры Криста Пиккатқа өз сұрағын жолдаған болатын.

Адамзат тарихында адамдардың үнемі қозғалыста болып, бір-бірімен араласып өмір сүргенін білеміз. Оның бір мысалы ретінде, экономикалық алмасуларға негізделген, бірақ халықтардың мәдениетіне, дәстүріне және дініне тікелей әсер еткен Жібек жолын айтсақ болады. 

Жастардың әлемді тануға, басқа елдерде өмір сүруге, басқа мәдениеттерге енуге, басқа тілдерді үйренуге деген қызығушылығы табиғи процесс боп саналады. Сондықтан да олар бірінші кезекте шетелге оқу үшін барғанда жөн көреді. Өзі барған жаңа елдің тілін үйрену, дәстүрін, мәдениетін білу, картасын тану – бірден бір артықшылық.

Кейде жастардың шетелге оқуға немесе жұмысқа кетуінің себептері білім беру жүйесінің тиімсіздігіне, жұмыссыздықтың жоғары деңгейіне, сыбайлас жемқорлыққа, гендерлік теңcіздікке, этникалық және радикалды қақтығыстарға, сондай-ақ Z ұрпағын әрдайым толерантты қабылдай бермейтін қоғамдағы интеграциялық проблемаларға байланысты болуы мүмкін.

Жастар шетелден жақсы өмір сүру жайын, жұмысқа орналасудың қызықты мүмкіндіктерін, тиімді экономикалық жағдайды іздейді. Коронавирус пандемиясы еркін жүріп-тұруды едәуір шектеді, бірақ жағдай тұрақтанған кезде бұл процесс қайта басталады деп ойлаймын. Жастардың жаппай елден кетуімен күресу үшін талантты жандарды мойындайтын және дамуына мүмкіндік беретін демократиялы әділ қоғамда өркендеуіне қолайлы жағдай жасау қажет. 

Пандемия жастардың проблемаларын, көптеген салалардағы жұмыссыздықты ашып берді. Қазір бұл мәселені шешудің жолдары бар ма?

Пандемия еңбек нарығының көптеген секторларының аяғына тұсау салды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың өсуіне әсер етуде. Мұндай жағдайға ешкім дайын болған жоқ, сондықтан, қазір біз үшін басты мақсат – жастарды қолдау, олардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту жәнеCOVID-19 кезеңінен кейін жұмысқа орналастыру. Біз жаңа дәуірде еңбек нарығына шығу үшін өз білімдері мен дағдыларын жақсартуға көмектесетін Орталық Азия жастарына арналған CAYNET платформасын әзірледік.

ЮНЕСКО жастардың қазіргі замандағы түрлі сын-тегеуріндерге бейімделуі үшін қажет болатын «трансверсалды құзыреттер» деп аталатын ХХІ ғасырдың басты құзыреттіліктерін дамытуға үлкен назар аударуда. Мұндай құзыреттілікке сыни ойлау, проблемаларды шешу, стратегиялық және болжамдық құзырет, т.б. сияқты пәнаралық мәселелер жатады. Осы құзыреттерді дамыту үшін оларды барлық деңгейдегі білім беру стандарттарына енгізу қажет.

Негізгі құзыреттіліктерден басқа, жастарға ресми және бейресми білім беру форматындағы түрлі бағдарламалар қажет. Қазіргі жағдай тұрғысынан қарағанда, ресми жүйеде білім алушылардың еңбек нарығында талап етілетін жаңа мамандықты игерулері үшін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы жаңартылуға тиіс. Жақында (2020 ж.)  ЮНЕСКО-ның Орталық Азияға жүргізген есебінде өмір бойы білім алуға қатысты жалпы саясаттың жоқтығы және бұл салада ведомствоаралық ынтымақтастықтың шұғыл қажеттілігі көрсетілген. Жұмыссыздықтың және жастар мен ересектер арасындағы сауаттылықтың төмендігін осыдан-ақ байқаса да болады. Мұндай жүйелі барьерлер COVID-19 әсерін күшейтеді және әлеуметтік жағдайы төмен топтардың, соның ішінде жастардың ресми білім беру жүйесінен тыс оқу процесінің бұзылуына уақтылы жауап қайтаруы үшін кедергі келтіреді.

Алайда, пандемия сияқты дағдарыс тудыратын қиындықтарды жеңу үшін жергілікті жерлерде жаңа білім мен дағдыларды игеруге деген сұраныс өсіп келеді. Оқытудың бұл жаңа қажеттіліктері денсаулық пен оны қорғаудың негізгі дағдыларын, цифрлық және медиа сауаттылықты, үйде оқитын балаларды тәрбиелеуді және пандемия салдарынан туындаған жұмыссыздыққа қарсы тұруға арналған кәсіби дамуды қамтиды. Бүкіл әлемде жастар білімге қол жеткізудің балама жолдарын іздей бастады. Бұған өткен жылмен салыстырғанда биылғы наурыз-сәуір айлары аралығында жаппай ашық онлайн курстарда (ЖАОК) оқушылар санының қарқынды өсуі дәлел бола алады. 

ЮНЕСКО-ның жоғарыда аталған есебі (2020) оқытудың икемді әдістерін институционализациялау және оқыту мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы алшақтықты жою үшін ашық және қашықтықтан білім беру – Орталық Азия елдері үшін өте үлкен пайда әкеледі деп болжайды.

Есепте Орталық Азия елдеріне мынадай шешімдер ұсынылады:

  1. Барлығына инклюзивті қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін АКТ инфрақұрылымын және онлайн-оқыту платформасын нығайту;
  2. Оқудағы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін өзекті оқу бағдарламасын жасау және түйінді құзыреттерді, кәсіпкерлікті,  цифрлық дағдыларды оқу бағдарламаларының ұлттық стандарттарына сай ыңғайластыру;
  3. Жергілікті қоғамдастықтарды тарту арқылы өмір бойы оқыту туралы және жаңа дағдыларды дамыту үшін балама оқыту бағдарламалары жайында жұртшылықты хабардар етіп отыру.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button