Мәдениет

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – еліміздегі аса құнды жәдігер

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – еліміздегі аса құнды жәдігер, сәулет өнерінің керемет туындысы.

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – XIV ғасырда бой көтерген, дала сәулеткерлерінің бар өнерін салып, шеберлікпен сомдаған ескерткіш. Әмір Темірдің басшылығымен салынды.

Қазақ халқының иелегіне бұл ескерткіш XVI ғасырда Есім ханның билігі кезінде өтті. Содан бері бұл кесене халқымыз үшін киелі мекенге айналды. Қазақ хандары мен сұлтандарының, би мен батырлардың жерленген мекеніне, қасиетті орынға ие болды.  

Яссауи кесенесінің маңына 24 хан-сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген. Халқымыздың бар жақсы-жайсаңдары мен игі жақсылары осында жатыр. Олардың барлығы хал үстінде жатқан кезде ұрпақтарына өсиет етіп, әулиенің жанына апарып жерлеуді өтінген.

Қасиетті орында жерленсек, Алланың мейірімі мен шапағаты тиер деген ниет болған көрінеді. Арқада көз жұмған Қаз дауысты Қазыбек бидің сүйегі де осы жерге жеткізіліп жерленгенін бәріміз білеміз.

Кесененің маңайына жерленген хан мен батырлардың сүйегі түгелдей қазылып, кесененің ішіне кіргізілген. Жергілікті қариялардың айтуынша, сүйектерді қазу жұмысы 7 жылға дейін созылған көрінеді. Кесенеге жерленген уақыты – 1999 жыл.

Мұнда Абылай, Есім, Тәуке, Жәңгір, Жолбарыс, Әбілмәмбет хандардың, Бөгенбай батыр, Есей батыр, Шақшақ Жәнібек, Мамай батыр, Жарылғап батырдың, Қазыбек бидің, Әнет бабаның, жалайыр Нарынбай әулиенің, Қанай бидің, Қонақай мен Қараменді бидің, тағы басқа есімі алты алашқа танымал адамдардың сүйегі жатыр. Бұлардың көбі ХVII-XIX ғасырда өмір сүрген адамдар. Алайда арасында XVI ғасырда өмір сүрген адамдар да бар.

Түркістан Қазақ хандығының құрамына енген соң, қазақ хандары Ясауи кесенесін резиденцияға айналдырып, барлық стратегиялық шараларды осы жерден қабылдап, қадағалаған. Былайша айтқанда, кесене хан әкімшілігі қызметін атқарған. Хандарға дат айтып, өтініш білдіруге келгендердің барлығы кесенеге кіріп, арнайы қабылдау бөлмесіне жазылып, хан бөлмесіне енетін болған.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button