Мәдениет

Алашорда құрған полицияда қанша адам болды?

Қазақстанда қазір 70 мыңнан аса полиция қызметкері бар. Әрбір 100 мың адамға шаққанда 386 қызметкерден келеді. Ал қазақ даласында құрылған алғашқы ішкі істер органы – Алаш милициясында қанша адам болды екен. Соны қарастырып көрейік.

Алаш милициясы – алаш автономиясының ұлттық қарулы әскері. Қарулы күшті құру туралы мәселе алғаш 1917 жылы өткен Бірінші жалпықазақ съезінде көтерілген. Алайда бұл бастама сөз күйінде қалып, 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде тағы көтеріліп, соның негізінде 1918 жылдың басында Алаш милициясы құрылды.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатов 1918 жылы «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз» атты мақала жариялап, «Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз» деп қадап айтқан.

Алаш милициясын (яғни, Алаш қарулы әскері) жасақтау бойынша алаш қайраткері Халел Ғаббасов бірінші съезде баяндама жасайды. Милиция құрудағы алашордашылардың негізгі мақсаты халықты жан-жақтан төніп тұрған қауіптен, аласапыраннан (ақтар мен қызылдардан) қорғау болды. Милицияның мақсаты – халықты қорғау деп бекітілді.   

Алаштың қарулы әскері атты әскер түрінде жасақталып, әскерге жарамды 20-35 жас аралығындағы ер азаматтар алынатын болды. Милиция қызметкерінің жалпы саны 13500 болсын деп бекітілді. Оған 6 облыстан адам жинау керек деп белгіленді:

Бөкейден  – 1000

Оралдан – 2000

Торғай өңірінен – 3000

Ақмола облысынан – 4000

Семей өңірінен – 1500

Жетісу облысынан – 2000

Алашорда әскері басында «халық милициясы», «алаш әскер», «халық әскері», «қазақ полкі» деп аталып жүрді.

Ал екінші съезде баяндама жасаған алашордашы Жақып Ақбаев милицияның санын 26 500 адамға жеткізу жайлы ой айтады.

Алашордашылардың барынша көп әскер кұруға тырысқаны белгілі. Алайда оған кететін шығынды да есептеп, оны табу мен жинаудың жолын үйлестіру керек болады. Съезд қаулыларында нақты көрсетілгендей, Алаш әскерін құру үшін алдымен милицияға алынатын адам шығынын анықтау,  оларды қару-жарақ, ат-көлікпен қамтамасыз ету, әскери  мамандар (офицер мен инструкторлар) даярлау жұмысын айқындап, оған қажетті қаражатты 6  облыстың қазақтары есебінен жинайтын болды.

Сондықтан қаржы жинау мен әскер жасақтауды жеңілдету үшін қарулы күш құрамын басты үш бөлікке бөледі: батыс бөлімі, оңтүстік-шығыс бөлімі және шығыс бөлімі. Әскердегі қазақ полктерінің саны 12-ге дейін жеткен. Алашорда автономиясы құрылғаннан кейін ақтар мен қызылдарға қарсы ұрыстарға қатысып, халықты қорғау ісіне кіріседі.

Мәселен, 1918 жылы 28 қазанда Саратовка аймағында қызылдармен бетпе-бет келіп қалған қазақ әскері қаруы жоқ болса да, ұрыстан бет қайтармай соғысқанын, Андреевка маңында Ахметқали Орманбетов ұтымды ұрыс тәсілін қолданып, 150 большевикті бір жарым сағат бойы ұстап тұрған.

Ал сол жылы наурызда Антоновка қаласы үшін болған ұрыста 12-ші Алаш полкінің 98 жігіті қалай қайрат танытқанын «Сарыарқа» газеті: «…қамалып қалған 98 жігіт… неше күн, неше түн атысады. Атысқанда өздерінің паналаған үйлерінің қабырғасын тесіп алып, большевиктерді мылтықпен, бомбамен атқылап, жақын келтірмейді. Большевиктердің оғы бұларға тимейді, себебі, бұл жақтың үйі тастан салынған еді… олар екі күн екі түн атысқан соң, араларынан бір епті жігітті не болса да, Алаш әскеріне хабар бер деп жұмсайды. Бұл жігіт большевиктердің бір жақсы атын қолға түсіріп, ұстап мініп, неше қабат жаудың арасынан оқты жаңбырша жаудырса да, аман-есен құтылып, көп әскерге хабар береді. Мұны естігеннен кейін біздің әскерден Антоновкаға көмек жіберіліп, 4-5 күн қамалып жатқан 98 сарбаз аман-есен құтылады» деп жазды.

Алаш әскерін ұйымдастыруда Х.Ғаббасов, А.Тұрлыбаев, М.Тынышбаев, Б.Мәметов, Х.Тоқтамышев ерекшеленді.

Қазақ даласында құрылған алғашқы кәсіби құрылым Алашорда үкіметінің тарауымен ол да тарады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button