Мәдениет

Атлантида қайда кеткен?

Екі мың жыл бойы Атлантиданың ғайып болуы жайлы болжамдар жиі айтылады. Соның бірі – мұхит деңгейінің көтеріліп, болмаса құрлықтың шөгуі. Бірақ ғалымдардың айтуынша, жер бетінің көтерілуі немесе төмен түсуі жылына миллиметрмен, әрі кеткенде сантиметрмен есептеледі. Сондықтан жоғарыдағы болжам үшін миллиондаған жылдар қажет.

Атлантиданың жойылып кетуін атмосфералық, ғарыштық, геологиялық үлкен апаттардың себебінен деп іздеу дұрыс сияқты. Астрономия ғылымының маманы, поляк ғалымы Л. Зайдлер ғарыштан келетін апат болуы мүмкін деді. Ол жердің астероид, не кометамен кездесуінен болады дейді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жер бетінде метероид, болид, астероидтардан пайда болған кратер – жарақаттар Ай, Шолпан, Марс секілді басқа планеталарға қарағанда аз. Оның себебі де бар. Айда атмосфера мен су болмағандықтан, ондағы кратерлер табиғи күйінде сақталып қалған. Ал жер бетіндегі процесс ондай жарақаттарды жойып жібереді. Сондықтан Терістік Сібірдегі Хатанг өзенінің бір саласы Попигай алқабындағы сияқты ірі кратерлер ғана сақталып қалады. Оның жалпы диаметрі 100 шақырым. Бұл оқиға бұдан 30 миллион жыл бұрын болған. Қопарылыстың күштілігі сондай, кратерлерден көтерілген қойтастар көз жетпес қашықтыққа дейін ұшқан.

Терістік Американың Флорида жарты аралына түскен астероид та кезінде үлкен апат әкелген. Терістік және Оңтүстік Каролина штатына аэрофототүсіру жүргізген кезде диаметрі бір жарым шақырымдық 100 кратер табылған. Ғалымдардың топшылауынша, аспанда аса үлкен метероид жарылып, айнала 1000 шаршы шақырымға шашылып кеткен. Ендеше, оның ауданы 10 шақырым, салмағы 1000-2000 миллиард тонна болған секілді. Аспан денесі жерге түскенде үлкен апат болатыны анық. Алайда, Атлантиданың дәл содан суға шөгіп кетуі мүмкін емес. Бұған 1908 жылы Сібір тайгасынан түскен Тунгус метеориті дәлел. Аспаннан түскен комета жер бетіне 5-10 шақырым қалғанда жарылған. Қопарылыс 3 миллион тонна тритолға тең. Бұл Нагасаки мен Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 100 есе күшті. Шапшаңдығы секундына 16-20 шақырым, қызуы 100 мың градус. Бұл күн көзіндегі температурадан ондаған есе жоғары. Әйткенмен, Атлантиданың құрып кетуіне ол себепші бола ала ма?

Ғарыштық апатты қоя тұрып, енді геологиялық процестерді талдап көрейік. Соңғы екі жүз жылдың ішінде 1960 жылы 29 мамырда Чилиде болған жер сілкінуде Консепсьон қаласы түгі қалмай қираған. Санаулы ғана секундтар ішінде 10 мың шаршы шақырым жерді су басып кетті. Оның тереңдігі екі метрге жетті. Биіктігі 4-5 шақырым толқын жағаға келіп, 5 минуттай тұрып қалды. Қайта бір сілкіністе ол кері қайтып, екінші толқын сағатына 50-200 шақырым шапшаңдықпен оралды. Бұл жер шарындағы бұрын-соңды болмаған сұмдық апат аумағынан Атлантида тым алыста. Сондықтан, жер сілкінісі оны жойып жіберді деу қателік. Сонда, жанартау атқылауы себеп болды ма?

1815 жылы Сумбова аралындағы Тамбера жанартауы адам айтқысыз күшпен атқылады. 5 сәуір күні оның гүрілі 1400 шақырым қашықтыққа естіліп, бүкіл аспанды қара күйе жапты. Ыстық лавасы бірталай қашықтықтағы жерді күйдіріп өтті. Арада апта өткенде қопарылыс қайталанды. Жер бетін 60 сантиметр күл басты. Лава 4000, одан кейін 2850 метр биіктікке атқылады.

Екінші апат 1883 жылы Карекатаудың атқылауы еді. Мамыр айының басында басталған атқылау тамыздың аяғында бір-ақ тоқтады. Таудан 20 шақырым жердегі елдерден түк қалған жоқ. Жанартау өңешінен атқылаған ыстық ерітінді 35 шақырымға жетті. Осылай су астына шөккен күлдің бірінші қабатының жасы 25 мың жыл, екінші қабаты 5 мың жыл бұрын пайда болған дейді атлантологтар. Аңызы мен ақиқаты аралас Атлантиданы Атлант мұхитында деп келген кейбір тұжырымдар шындыққа жанасады. Дегенмен, Атлантиданың қайда, қалай жоқ болғаны әлі көп зерттеу мен еңбекті талап етеді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button