Мәдениет

ТОП-5 дорама: мектеп, жасөспірімдер өмірі, алғашқы махаббат

Мектеп өмірі, оқушылардың армандары, алғашқы махаббаттары жайлы түсірілген, кіршіксіз кезеңді суреттейтін корей телехикаялары өте көп. Солардың ішінен ең үздік деген 5 дораманы көруге ұсынамыз.

ХАС СҰЛУЛЫҚ / TRUE BEAUTY

여신강림

2020 жыл, 16 бөлім

Жоғары сынып оқушысы Им Джугён өзінің келбетіне көңілі толмай, қатты қысылатын. Осындай комплексінің арқасында ол боянуды үйреніп, мейк-ап жасаудың шебері болып алады. Осылайша Джугён басқа қыздарды қызғандырып, мектептегі ең сымбатты екі жігітпен дос болады.

МУРИМ МЕКТЕБІ / MOORIM SCHOOL

무림학교

2016 жыл, 16 бөлім

Мурим жекпе-жек өнері мектебі әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушыларға есігін айқара ашқан еді. Бұл мектепке Кореяның, тіпті әлемнің кез келген жерінен оқушылар мен мұғалімдер ағылып келеді. Олардың әрқайсысының бастан кешкен өз оқиғалары бар. Мектеп оқушыларды әділдікке, беріктікке, құрбандыққа үйретеді, жекпе-жек өнері арқылы жауынгерлік рухты тәрбиелейді және оларды ересек өмірге дайындайды.

СЕН КІМСІҢ: МЕКТЕП / WHO ARE YOU: SCHOOL

후아유: 학교

2015 жыл, 16 бөлім

Ко Ын Бёль Каннам ауданындағы ең беделді мектепте оқиды. Ол мектепте ақылды, әдемі және өте танымал қыз. Бір күні мектептегі сапар кезінде Ын Бёль кенеттен жоғалып кетеді, ал оны тапқан кезде есінде ештеңе жоқ болып шығады. Бойжеткен енді жадын не үшін жоғалтқанын және өзінің кім екенін білуді мақсат етеді.

ЛИСТМЕЙСТЕР / PAGE TURNER

페이지 터너

2016 жыл, 3 бөлім

Юн Ю Сыль – өнер мектебінде оқитын пианист қыз. Ол түрлі байқауларда жеңіске жетіп жүреді. Бірде Ю Сыль бақытсыз жағдайдың кесірінен бәрінен айырылады. Ол енді пианинода ойнай алмайтын боп қалады. Ол өзінің досы Джа Сих пен қарсыласы Джин Моктың көмегімен жаңа өмірдің парағын ашады.

*Листмейстер – концерт кезінде ноталарды парақтап беретін пианисттің көмекшісі.

МЕНІҢ БІРТҮРЛІ ҚАҺАРМАНЫМ / MY STRANGE HERO

복수가 돌아왔다

2018 жыл, 16 бөлім

Жоғары сыныпта оқитын Кан Бок Суды өтірік жала жауып, мектептен шығарып жіберген. Бұл оның алғашқы махаббаты мен досының кесірінен болған оқиға еді. Енді сол досы мектептің иесі, ал бұрынғы сүйіктісі осы мектепке жаңадан мұғалім болып келген. Бок Су кек алу үшін мектепке қайтып оралады. Алайда ол өзінің жаңа бір оқиғаларға қалай тап болғанын білмей қалады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button