Мәдениет

TOП-9: Стивен Кинг ұсынған қорқынышты фильмдер

«Qadam.asia» алдағы демалыс күндері үшін сізге ыстық кофеңізді демдеп, көрпені қымтанып алып көретін триллерлерді ұсынады.

Бұл жәй ғана триллерлер емес, «қорқынышты фильмдердің королі» атанған әйгілі Стивен Кинг ұсынған хоррор фильмдер.  Ол Twitter желісінде тек өз кітаптарының желісімен түсірілген картиналарды ғана айтып қоймай, өзге авторлардың да хоррор фильмдерін жоғары бағалап пост жазып отырады.

Сонымен, Стивен Кинг ұсынған тізім қандай екен?

The Autopsy of Jane Doe, 2016

Стивен Кинг бұл картинаны «2016 жылғы ең үздік хоррор» деп атады. Оның айтуынша, фильмнің шебер түсірілгені соншалық, зәрең ұшады. Ол «The Autopsy of Jane Doe» кинолентасын Ридли Скоттың «Келімсек» («Alien») картинасымен қатар қоюға болады деп жазған.

Сюжеті: Шағын қалашықтағы дәрігерлер жас қыздың өлу себебін анықтауға тырысады. Бірақ, әзірге олар бойжеткен өмірінің көптеген құпияларына тап болуда. Сонымен, бұл қыздың өмірінде қандай құпия бар?

The VVitch: A New-England Folktale, 2015

Атақты жазушы: «Бұл менің өмірімдегі ең қорқынышты фильм болды», – деп жазады. Картина киносыншылар тарапынан да жоғары бағаланған. Мәселен, халықаралық Сандэнс кинофестивалінде үздік дебют деп танылады.  

Бір қызығы, әлемге жайылған «Сайтан храмы» ұйымы картинаны барынша насихаттаған. Тіптен, осының арқасында фильмнің прокатына да айтарлықтай әсер еткен. Фильмнің сенімді түсірілгені соншалық, режиссер Роберт Эггерстен: «Түсірілім алаңында әдеттен тыс оқиғалар болмады ма?» – деп сұраған журналистер де болыпты.

Сюжеті: XVII ғасырдағы Жаңа Англия. Пуритандық колонистер отбасы шалғайдағы қыстаққа көшеді. Жаңа жерге қоныстан отбасы түрлі зұлымдықтарға тап болады. Ал, осының барлығы кішкентай баланың жоғалып кетуінен басталады…

Calibre, 2018

Стивен Кингтің айтуынша, бұл фильм – әйгілі режиссер Хичкоктың стилінде түсірілген керемет картина. Сондай-ақ, ол хоррор жанрының әуесқойларына бұл фильмді міндетті түрде көруге кеңес береді.

Сюжеті: Екі дос демалыс күндері Шотландияға барады. Олардың бірі  жақында отбасы құрмақшы. Соған дейін жақсылап демалу үшін ол досына шотланд ормандарында аң аулауды ұсынады. Бірақ, орманға барған достар ақылға сыйымсыз жайттарға куә болады.

Hush, 2016

Стивен Кинг бұл картинаны Джон Карпентердің «Хэллоуинінен» («Halloween») гөрі қызықты деп санайды. Бір қарағанда, сюжеттік интригалар соншалық көп емес. Бірақ фильмнің бастапқы бір жарым сағатында селт еткізер қорқынышты сәтті күтумен-ақ, өзіңіздің үрей құрсауына кіріп кеткеніңізді байқамай қаласыз.

Сюжеті: Мэдди – қаланың сыртында орналасқан үйде жалғыз өмір сүретін зағип адам: құлағы естімейді әрі мылқау. Күндерде бір күн оның үйіне арбалет пен пышақ асынған бейтаныс адам келгенше бәрі жақсы болатын. Бейтаныс адамның ерекшелігі – маскада еді. Фильмнің барлық жұмбағы ең соңында шешіледі.

The Haunting of Hill House, 2018

Netflix кинокомпаниясы бұл телесериалды 1963 жылғы ескі фильмнің ремейкі ретінде түсірген және 90-шы жылдардағы нұсқасының жаңаша транформациясы болып табылады. Стивен Кингке режиссер Майк Флэнеганның жұмысы өте ұнаған екен.

Сюжеті: 1992 жылы көпбалалы отбасы жаңа үйге көшіп келеді. Бірақ неліктен екені белгісіз, отбасы мүшелерін елестер құрсап алады. Бұл отбасы ең соңында елестерден құтыла ала ма?

A Quiet Place, 2018

Стивен Кингтің айтуынша, «A Quiet Place» – ғажайып картина. Сюжеттік желісінің мықтылығынан бөлек, ең басты ерекшелігі – үнсіздікті суреттей алуында.

Сюжеті: 2020 жыл болса да, постапокалиптикалық әлем орнаған. Кез келген дыбыстан үріккен өрмекшіге ұқсас құбыжықтар Жер шарының барлық дерлік тұрғындарын жойып жіберген. Осынау қорқынышты әлемде қалған отбасы екі баласымен бірге тірі қалудың жолында күреседі. 

The Strangers, 2009

Стивен Кинг өзінің «Өлім биі» («Danse Macabre») кітабында Лив Тайлер мен Скотт Спидман ойнаған «The Strangers» фильмін еске алады. Кингтің пікірінше, фильм ұлғайып келе жатқан қауіп пен өлімнің қасіретіне суарылған.

Сюжеті: Бір-біріне ғашық қыз бен жігіт қараусыз қалған үйде қамалып қалады. Осы кезде маскадағы үш адам үрейден зәрелері ұшқан жас жұптың қорқынышымен ойнайды. Фильмнің нақты болған оқиға негізінде түсірілгендігі, одан сайын жаныңды түршіктіреді.

The Ruins, 2008

Стивен Кинг жоғарыда сөз болған «Өлім биі» («Danse Macabre») кітабында «The Ruins» фильмі туралы да оң пікір білдіреді. Жазушы: «Көрермен кейіпкерлердің ешқайсысы тірі қалмайтынын түсінген кезде алаңдаушылық пен үрей толықтай билеп алады», – дейді.

Сюжеті: Бір топ достар жиналып сапарға шығады. Бұл жігіттер майя үндістерінің пирамидасын көруге келген болатын. Келгеннен кейін олар ешқандай қарусыз ежелгі зұлым күштермен күресуге мәжбүр болады.

Let Me In, 2010

Стивен Кинг бұл фильмді «2010 жылдың ең үздік хоррор фильмі» деп бағалаған. Ол «Let Me In» фильмін қорқынышты фильмдердің шыңы деп жазды. Ал сүйкімді Хлоя Грейс Морецтің басты рөлде ойнауы – бұл картинаның тағы бір артықшылығы екенін айта кетуіміз керек.

Сюжеті: 12 жастағы бозбала көрші қызбен танысады. Бұл таныстық сүйіспеншілікке ұласып, бозбала ойламаған жерден әлгі қызды ұнатып қалады. Ал бірақ, оның сүйіктісі вампир екенін кім біліпті дейсіз?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button