Мәдениет

Волонтерлік және ағылшын тілі: айналамызға да, өзімізге де көмектесейік

Волонтерлік деген не?

Бұл ағылшын тілін үйрететін тілдік лагерь де, жақсы айлыққа шетелде жұмыс істеу де емес. Волонтерлік жоба – өз еркіңмен көмек жасау.

Волонтерлер әртүрлі жобаларға ерікті түрде қатыса отырып, ақысыз тамақ, жатын орын, саяхаттау және жаңа достар табу мүмкіндігіне ие болады. Кейде төлем ұсынатын жобалар да болып жатады, бірақ ол аз ғана шығындарды өтеуі мүмкін. Мақалада сізді қандай шығындар күтуі мүмкін екендігі жайында да айтатын боламыз.

Волонтерлік жобалар қысқамерзімді (2-4 апта) және ұзақмерзімді (1 айдан 1 жылға дейін) болып бөлінеді. Тиісті ұсынысты таңдаған кезде, осы параметрді ескеріңіз.

Жоғарыда айтылған фактілерге қарамастан, бүінгі күні волонтерлік жұмыс ағылшын тілін үйрену үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. Өйткені еріктілер шет елдерге тек көмек көрсету үшін ғана емес, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, қабілетін одан ары арттыру үшін барады. Волонтерлік бағдарламалар басқа елдерде кең тарап, сұранысқа ие болғандықтан, мұндай жобалар барысында сізге жергілікті тұрғындармен танысып, ағылшын тілінде сөйлесуге мүмкіндік сыйлайды. Тіпті ағылшынтілді елге бармасаңыз да, жан-жақтан келетін өзіңіз секілді еріктілермен ағылшын тілінде сөйлесуіңізге тура келеді. Сондықтан, волонтерлік бағдарлама аясында қалай болмасын сіз ағылшын тілінде көп тәжірибе аласыз.

  1. Жануарларға қамқорлық жасау

Әртүрлі жануарларды күтіп-баптауды қажет ететін бағдарламалар өте көп. Мәселен, «тасбақалар командасы» немесе «тасбақа күтушілер» шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Олардың жұмыстары: тасбақаларды бағу, күтіп жасау, қауіпті жағдайлардан сақтау және де олар жайлы туристерге ақпараттар беру. Сізде әртүрлі елдің азаматтарымен қарым-қатынас орнату мүмкіндігі болады, оның үстіне ең қауіпсіз жұмыстардың бірі боп табылады. Ал экстримді жақсы көретіндер үшін Тайландқа баруды ұсынамыз. Ол жақта сіз жолбарыстары бар ғибадатханаларында волонтерлік жұмыстар атқаруыңызға болады.

  1. Әлеуметтік жобалар

Бұл, әлбетте, ең кең тараған волонтерлік бағыттардың бірі. Мұндай жобаларға әлемге әйгілі адамдар көптеп қатысады: Анджелина Джоли, Джордж Клуни, Мадонна, Скарлетт Йоханссон, т.б. Жобаға қатысушы адамдар кедейлерге, босқындарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге көмектеседі. Жоба аясында сіз науқас жандарды күтіп, босқындарға жаңа елде үйренісуіне көмектесіп, панасыздарға арналған мекемелерде жұмыс істеуіңізге болады.

  1. Білім беру

Егер сіздің ағылшын тіліңіздің деңгейі жақсы болса, Үндістан сияқты дамушы елдерге барып, мектептерде балаларға ағылшын тілін үйрете аласыз. Бұл еріктіліктің ең қиын, бірақ ризашылығы мол түрлерінің бірі. Егер сіздің ағылшын тіліңіздің деңгейі сабақ оқытуға жетпесе, сіз кез-келген пәннен, мысалы дене шынықтыру пәнінен жаттығулар жасата аласыз.

  1. Органикалық және дәстүрлі фермалардағы жұмыс

Егер сіз өзіңіздің жеке саяжайыңыз туралы армандайтын болсаңыз, бірақ сатып алу туралы әлі шешім қабылдамасаңыз, көптеген шаруашылықтардың біріне ерікті түрде барыңыз. Ол жерде қырманда жұмыс істеуге, ауылшаруашылық жануарларын бағуға болады. Қазір бұл волонтерлік сала мегатанымал агротуризмге немесе ауыл туризміне айналып, World Wide Opportunities on Organic Farms ұйымы құрылды. Волонтерлер шаруа қожалықтарына келіп, физикалық жұмыс жасайды. Мұндай туризм қала шуынан аулақ болуды және табиғатқа жақын болуды ұнататын еуропалықтар арасында кең тараған. Сондықтан фермада жұмыс істеу – сіз үйреніп жүрген тілде сөйлейтіндермен қарым-қатынас құруға тамаша мүмкіндік.

  1. Қоршаған ортаны сақтау

Еріктілер ормандарды қалпына келтіруге, өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін сақтауға және зерттеуге, тұрғындар арасында қоршаған ортаның ластануының салдары туралы ақпаратты таратуға, сонымен бірге экотуризмді танымал етуге, біздің ғаламшарды қоқыстардан тазартуға және т.б. атсалысады.

  1. Төтенше жағдайларда жедел көмек беру

БҰҰ еріктілері ең қиын және қауіпті жұмыстарға қатысады: олар табиғи апаттар боп жатқан аймақтарға барып, құтқарушылармен бірге жұмыс істейді және инфрақұрылымды қалпына келтіруге көмектеседі.

  1. Қалпына келтіру жұмыстары

Физикалық күш жұмсауды қажет ететін волонтерлік жұмыстың қиын түрі. Сізге сәулет ескерткіштерін, ежелгі сарайларды, кейде жай ғимараттарды қалпына келтіруге қатысу қажеттілігі туындайды.

  1. Шығармашылық жобалар

Волонтерлік жобалардың ең қызықты түрі. Сіз көрмені, фестивальді, концертті ұйымдастыруға қатыса аласыз. Алайда, мұндай жобаға қатысу оңай емес, бәсекелестік өте жоғары.

Волонтерлік жұмыста назар аударуды керек ететін мәселелер

Әлбетте, шетелде ағылшын тілін үйрену мүмкіндігі көпшілікті қызықтырды. Алайда, сізге картоп өсіруге немесе рок фестивалін ұйымдастыруға барар алдында не нәрсеге назар аудару керектігі туралы айтып бергіміз келеді.

Жас шектеулігі

Көптеген ұйымдар 30 жастан төмен адамдарды таңдайды, сондықтан әрқашан сауалнамаларда жасыңызды көрсетіңіз және егер 30 жастан асқан болсаңыз, ересектерге арналған бағдарламаларға назар аударыңыз.

Физикалық белсенділік

Шетелге демалуға бара жатырмын деп ойламаңыз. Көптеген бағдарламалар физикалық күшті адамдарға арналған, сондықтан сіздің еңбегіңіз толықтай пайдаланылады. Әрине, бұл күніне орта есеппен 6 сағатпен шектеледі, бірақ егер сіз, мысалы, фермада ешқашан жұмыс жасамаған болсаңыз, онда осы уақыт ішінде шаршап қалуыңыз мүмкін.

Жағымсыз жағдайлар болуы мүмкін

Алдымен, сіз үшін клиамат өзгеретінін естен шығармаңыз. Бұл денсаулығыңызға зиян болуы да мүмкін. Екіншіден, кейбір жағдайларда улы жәндіктер мен қауіпті жануарлар өмір сүретін елдерде санитария деңгейі төмен елдерде жұмыс істеуге тура келеді. Үшіншіден, әлеуметтік жобалардағы жұмыс жүйкеңізге әсер етуі мүмкін, өйткені сіз науқастармен, мүгедектермен және т.б. жұмыс жасайсыз.

Қаржылық шығындар

Волонтерлік – ақша табудың ең жақсы тәсілі емес. Оның үстіне, алдымен сізге үлкен қаражат салу керек. Бағдарламалардың көпшілігі мынадай шығындарды талап етеді:

  • сапарды жүзеге асыруға көмектесетін ұйымға жарна, орташа есеппен 200 доллар;
  • арзан тұрмайтын сақтандыру;
  • виза рәсімдеу;
  • барып-қайту билеті (ұйымдар сирек жағдайда төлейді);
  • қажетті вакциналар үшін төлемдер (мәселен, Үндістан немесе Тайланд сапары барысында);
  • қалта шығындары.

Волонтерлік – бұл ерікті жұмыс, оған сізге жалақы төленбейді. Сондықтан, егер сіз шетелден бірнәрсе сатып алуды жоспарласаңыз, ақшаны бірге алыңыз. Ақша табуға болатын бағдарламалар бар, бірақ, әдетте, ондай бағдарлама өте өз, олардың төлейтін ақшасы қалта шығындары мен достарға сувенирлер сатып алу үшін жұмсауға ғана жетуі мүмкін.

Төзімді болу керек

Сіз әр түрлі елдердің волонтерлерімен бірге жұмыс жасайсыз, бір шатырдың астында тұрасыз. Олардың әрқайсысының өзіндік мәдениеті бар. Сізге шыдамды болумен бірге олардың әрқилы әдет-ғұрыптарына түсіністік таныту керек.

Әр түрлі тапсырмаларды орындауға дайын болу керек

Әр жобаның өз жетекшісі бар, оның айтқандарынан шықпау керек болады. Сондықтан олар сізге беретін кез-келген тапсырманы орындауға дайын болыңыз (қоқыс жинау немесе ауру жануарды күту сияқты).

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button