Бесінші мұхит: Ғасырға созылған ғылыми даудың шешімі табылды
Жақында халықаралық ақпарат көздерінде Бесінші мұхиттың табылғаны жайлы хабар тараған еді. Мұны АҚШ-тың Ұлттық география қауымдастығы ресми түрде мойындап, Антарктида жағалауында жатқан бесінші мұхитқа – Оңтүстік мұхит деген атауды берді.
Тарих
Негізінде жер шарында мұхиттың саны төртеу емес, бесеу деген ой осыдан 5 ғасыр бұрын айтылған. XVI ғасырда испан конкистадоры Васко Нуньес де Бальбоа Оңтүстік Америка жағалауын шайып жатқан суық ағысты «бұл бөлек мұхит, атауы Оңтүстік мұхит болсын» жазып кеткен екен. Бірақ ғылыми тұрғыдан дәлелдей алмаған соң, оны қолдаған да, қолдамағандар да болды. Антарктидаға аттанған кейбір экспедициялар өздерін «Оңтүстік мұхитқа бара жатырмыз» дейтін. Соған қарағанда халық Антарктида мұздығымен шектесіп жатқан аумақты ойша оңтүстік мұхит деп атап кетсе керек.
Кейін Аустралияда шығарылған географиялық картада Аустралия құрлығының оңтүстігінде жатқан су алабын Оңтүстік мұхит деп атап көрсетілді.
«Бесінші мұхит бар ма әлде жоқ па?» деген ғылыми дау 1921 жылы басталды. Сол жылы Халықаралық гидрографиялық ұйым құрылып, халықаралық су жолы мен сауда-саттық аумағын құру, мұхит суының шекарасын үйлестіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ал 1937 жылы аталмыш ұйымның ғылыми журналында «Оңтүстік мұхит бар» деп, арнайы термин ресми түрде бекітілді.
Бұған ғылыми қауымдастық да келісе кетті. Өйткені Антарктида мен оған жапсарлас аумақты басып жатқан судың циркумполярлы ерекшелігі бар-тұғын. Яғни, су ағысы басқа мұхиттарға ұқсамайды. Полярлы зонаға қарай ағып, құйылып жатыр. Әрі судың физика-химиялық, биологиялық сипаты да үш мұхиттан бөлек.
Бірақ 1953 жылы Халықаралық гидрографиялық ұйым өз шешіміне өзі қарсы шықты. Жер шарында бесінші мұхит бар дегенді жоққа шығарды. Өйткені Оңтүстік мұхиттың шекарасын анықтай алмады. Содан навигациялық және коммерциялық регламенттерге де нақтылық болмады.
Алайда ғалымдар халықаралық ұйымның бұл шешімімен келіспеді. Себебі ғалымдар өз ортасында Оңтүстік мұхитты бөлек бір биологиялық және гидрологиялық жүйе деп мойындап, ерекше маңыз берді. Түрлі ғылыми жарияланымдар шығарып жатты.
Содан 2000 жылдары ХҒҰ қайтадан бесінші мұхитты мойындап, Дүниежүзілік мұхитты беске бөлу керек деген шешімге келеді. Ал бесінші мұхитты бөліп көрсету үшін әлем елдері оны ресми түрде мойындап, географиялық атлас пен картаға, жағырапия оқулықтарына енгізіп, халықаралық талапқа сай ратификациялауы тиіс еді.
Ал ең бастысы – оны халықаралық ұйымдардың өздері мойындау керек еді. Әсіресе, АҚШ-тың Ұлттық океанологиялық зерттеу басқармасының (NOAA) шешімі – маңызды рөл атқарды. 1999 жылы АҚШ-тың Географиялық атаулар жөніндегі кеңесі аталмыш терминді мойындап, ғылымға енгізді. Ал биыл 8 маусым – Дүниежүзілік мұхит күніне орай АҚШ-тың Ұлттық географиялық қауымдастығы даудың соңғы нүктесін қойып, «Оңтүстік мұхит бар» деп ресми түрде мойындады.
Енді дүниежүзі картасына Оңтүстік мұхит деген атау енгізіледі.
Мұхиттың шекарасы
Мұхиттың шекарасын анықтаудың түрлі қағидасы мен ұстанымы бар. Мәселен география ғылымы тұрғысынан Жер шарындағы мұхит – біреу: ол – Дүниежүзілік мұхит қана. Өйткені жер шарын түгелдей су басып жатқандықтан, оны біртұтас мұхит деп алады. Ал қалған төрт мұхит – осынау алып мұхиттың бөліктері ғана.
Мұхитты бөлудің географияда қарапайым ғана қағидасы бар: мұхит құрлықпен шектесіп, қоршалып жатуы тиіс. Төрт мұхит та – Атлант, Тынық, Үнді және Солтүстік мұзды мұхит – бәрі бір-бірімен шектесіп, құрлықпен бөлініп жатыр.
Ал биолог, гидрограф, океанолог ғалымдар мұхитты – бөлек бір экосистема деп бөліп алып қарайды. Яғни, мұхиттың бөлінісі мен шекарасы осы биологиялық жүйемен қабаттасып жатуы тиіс дейді. Мұхит суының өз ағысы, циркуляциясы, физика-химиялық ерекшелігі, флорасы мен фаунасы, атмосферамен бөлек байланысы болуы шарт.
Жоғарыда аталған критерийлерге салсақ, Оңтүстік мұхит бүкіл ұстанымға сай келеді. Яғни, өзінің құрлықпен шектесіп жатқан аумағы бар. Солтүстігі Аустралиямен, алып аралдармен, оңтүстігі Антарктидамен, шектесіп жатыр. Өзінің бөлек гидросфералық аумағы, биологиялық жүйесі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, судың физика-химиялық құрамы да өзгеше.
2000 жылдары Халықаралық гидрографиялық ұйым Оңтүстік мұхиттың шекарасын Антарктида жағалауы мен оңтүстік еңдіктің 60-шы параллелі бойы деп көрсеткен екен. Алайда географ ғалымдар бұған келіспеді.
Олардың ойынша, Оңтүстік мұхиттың солтүстік шекарасын Антарктида полярлы фронтының бойымен өткізу керек. Өйткені бұл аумақта суық судың циркуляциясы Антарктиданың циркумполярлы ағысымен дәлме-дәл келеді дейді. Оның үстіне, бұл аумақ – Антарктида конвергенциясымен дәлме-дәл келетін зона.
Антарктида конвергенциясы өтіп жатқан линияның қызық бір тұсы бар. Дәл осы линиядан оңтүстікке сәл жылжысаңыз, мұхит суы тастай суық боп кетеді де, солтүстікке сәл шықсаңыз, жылынып шыға келеді. Солтүстікте жатқан Тынық пен Атлант мұхитының суы жылы да, Оңтүстік мұхиттың суы суық.
Антарктида полярлы сызығы өтіп жатқан аумақтың биологиялық жүйесі өте бай. Флорасы мен фаунасы көп. Мұхит суының беткі жағы суық та, асты жылы. Ал судың суық бөлігі қоректік затқа бай да, жылы жағы – жануарлар дүниесінің өсіп-өнуіне қолайлы орта.
Ауданы
Жаңа мұхиттың ауданы – 20,3 млн шаршы шақырым. Жер аумағы жағынан 4-ші орында тұрған АҚШ-тан екі есе үлкен. Ал Қазақстаннан 8 есе үлкен.
Оңтүстік мұхит ауданы жағынан Тынық, Атлант, Үндіден кейін төртінші орында. Орташа тереңдігі – 3270 метр. Ең терең жері – 8264 метр.