Бизнес

Фрилансер болғысы келетіндер неге көбейді?

Таңнан кешке дейін жұмыс істеуден шаршаған, өз уақытын өзі үнемді пайдалануды көздейтін қоғам үшін жыл сайын түрлі мамандық түрлері пайда болады. Соның ішінде фрилансер болудың үлесіп артып келеді. Qadam.asia редакциясы фрилансерлердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ақпаратты ұсынады.

Қалай фрилансер атануға болады?

Фрилансер – кеңседе отырмайтын, тәуелсіз маман. Мұндай мамандардың жоғарыдан қарайтын бастығы мен нақты жұмыс кестесі болмайды. Басты міндеттері – тапсырысты уақытылы және сапалы орындау. Фрилансер тапсырыс берушіні өзі таңдайды. Әдетте,компьютерлік бағдарлама құрастырушылар, мәтінмен жұмыс істейтін кәсіп иелері(журналист, копирайтер), дизайнерлер, аудармашылар мен жазушылар сынды мамандар фрилансер ретінде қызмет атқарады. Соңғы уақытта мұғалімдер, инженерлер мен сату кеңесшілерінің де фрилансерлікке жиі бет бұрып жатқанын байқауға болады.

Майгүл Тазабек, копирайтер-фрилансер:

 Менің қазіргі таңдағы мамандығым – копирайтер. Яғни тапсырысқа мәтін жазу. Кез-келген тақырыпта, кез-келген салаға біз копирайтерлер мәтін жазамыз. Ол жарнамалық мәтіндер болуы мүмкін, ол қандай да бір хикаялық мәтіндер немесе бір газет-журналдарға арналған көлемді мақала болуы мүмкін.

Фрилансерлер зейнетақыны қалай алады?

Фрилансер әлеуметтік тұрғыда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тобына кіретін болғандықтан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы шотын ашуға өтініш бере алады. Шот ашқан соң, айлық табысының 10%-ын әр айдың 25-іне дейін салып отырады. ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 25-бабына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шотқа жарна салып отыруға міндеттеледі. Тапсырыс аз болып, табыс болмай қалған жағдайда елдегі жалақының ең төменгі мөлшерінің 10%-ын аударып отырса жеткілікті. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге болып бекітілгенін есте сақтағаныңыз абзал.

Фрилансер болудың артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары:

Таңдау еркіндігі. Фрилансер кіммен жұмыс жасауды, қанша жобаны біріктіруді, жүктемені ұлғайтуды немесе азайтуды, тапсырыс қабылдауды немесе үзіліс жасауды өзі шешеді;

Қолайлы жұмыс кестесі. Кеңсеге жету үшін фрилансерге таңғы 6-да тұрудың қажеті жоқ. Ол, әрине, ерте ояна алады, бірақ бір күнге арналған жүктемені өзі бөледі. 9.00-ден 18.00-ге дейін, кеңседегідей жұмыс жасағыңыз келе ме, түнде немесе тек белгілі бір күндерде жұмыс істегіңіз келе ме? Бәрін өзіңіз шешесіз.

Саяхаттау мүмкіндігі. Көптеген фрилансерлер ноутбук, смартфон және ғаламтор болса, жолда да жұмыс істей алады.

Жігер Жұмахетов, дизайнер:

Жалпы фриланстың ерекше бір плюсы деп атап кетсек, ол табысы кәдімгі кеңседегі жұмыстан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі, сен бұл жерде өзіңнің жұмыс істеу мөлшеріңе қарай табыс табасың. Ал, кеңседе отырсаң белгілі бір жалақыға бір ай жұмыс істесең де, сол ақшаны аласың.

Үнем. Фрилансерлерге жұмыс орнына баруға, сондай-ақ кафелерде, асханаларда немесе мейрамханаларда түскі ас ішуге ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Мұның бәрі фрилансердің өзінің қалауына байланысты.

Өсу шарттары. Сіз бірден бірнеше жобада жұмыс жасай аласыз. Немесе тренингтен өтіп, біліктілігіңізді жоғарылатып, қызметтеріңіздің бағасын көтере аласыз.

Аяғы ауыр, декреттегі аналарға өте ыңғайлы. Фрилансерге баланы клиникаға кім апаратыны, оны бақшадан алып кететіні, ертеңгілікке немесе мектеп жиналысына кімнің қатысатыны туралы ойланып қиналудың қажеті жоқ, өз кестесіне сай бәріне уақыт табуға мүмкіндік болады.

Фриланстың артықшылықтары көп болғанымен, кемшілігі де аз емес

Кепілдік жоқ. Фриланста тапсырыс берушінің жұмыс біткеннен кейін ақы төлеуден жалтаруы жиі кездеседі. Бүгінде қазақстандық фрилансерлер клиентпен келісім-шарт жасау кезінде 2 жүйені пайдаланады: құжатты рәсімдеусіз тапсырыс алу немесе жеке кәсіпкер ретінде арнайы келісім-шартқа отыру. Екінші жағдайда, фрилансер жеке кәсіпкер ретінде салық пен басқа да төлемдерді төлеуге міндетті болады.

Ұйымдастырушылық және жауапкершілікті қажет етеді. Фрилансердің жұмысын ешкім қадағаламайды. Мұнда бастысы – өткізетін мерзімде тапсырыстың дайын болуы. Сіз бәрін уақытында аяқтауға қалай тырысатыныңыз ешкімге қызық емес. Өзіңізді жұмыс істеуге мәжбүрлеп, жауапкершілікті естен шығармау керек.

Тұрақсыз табыс. Фрилансердің қанша жалақы алатындығы көптеген факторларға байланысты. Бір айда 500 000 тапқан мұндай кәсіп иесінің келесі аптада 15 000 ғана табуы таң қаларлық жайт емес.

Жаңа тапсырыстарды үнемі іздеу. Бұл негізінен жаңадан бастаушыларда кездесетін қиындық. Оларды әлі ешкім білмейді, сонымен қатар жұмысқа қажетті дағдылары да аз. Бірақ фрилансер «жетіле» бастағанда, бір клиенттер оны басқа клиенттерге ұсынуы арқылы ауыздан-ауызға тарап, жаңа жобалар өздері келетін болады.

Фрилансер тапсырысты немесе жобаны қалай табады?

Бүгінде тәуелсіз жұмыс істейтін маман иелеріне деген сұраныс жоғары. Тапсырыс беруші мен тапсырыс алуышының арасында байланыс орнатуға арналған түрлі платформалар мен сервистер іске қосылған. Фрилансер мамандардың айтуынша, жаңа жоба алуда ең жақсы жұмыс істейтін жүйе – тапсырыс берушінің сені басқаларға ұсынуы. Яғни, пәленше деген дизайнер бар, ол сенің жұмысыңды жоғары деңгейде жасап бере алады деген пікір білдіруі. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе биржалар мен сайттарда өз түйіндемең мен кейсіңді қалдырғанға қарағанда әлдеқайда тиімді жұмыс істейді.

Олжабек Жансая

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button