Денсаулық & Психология

Вакцинаға халық неге сенбейді?

Елімізде вакцинация басталғанына бір аптадан астам уақыт болды. Алайда халық арасында әлі күнге вакцинаға сенбейтіндер көп. Расында, вакцина пайдалы ма, қауіпті ме?

Вакцина мәселесі күн тәртібінде бірінші кезекке  шықты. Жаппай вакцинация жүргізу қаншалықты тиімді? Вакцина барлық қазақстандықтарға салына ма? Одан қандай нәтиже күтеміз?

Ең бастысы, вакцинаға халық неге сенбейді?

«Qadam.asia» вакцинаға қатысты ең өзекті сұрақтарға жауап алу үшін Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеевпен сұқбаттасты.

«Қазақстан халқына жаппай вакцинацияның қажеті жоқ»

Қазақстан халқына жаппай вакцинация жүргізуді қолдайсыз ба?

Менің ойымша, Қазақстан халқына жаппай вакцинацияның қажеті жоқ. Себебі, халықтың шамамен 60%-ы жаз маусымында короновируспен ауырып шықты. Бұл оларда антиденелер қалыптасты деген сөз.

Алайда, жалпы вакцинация жасалу керек. Тәуекел топтарындағы адамдарға вакцина салдыруға болады. Бірақ, вакцина салардың алдында міндетті түрде антиденелер бар яки жоқ екенін тексеру қажет. Егер де антиденесі жоқ болса ғана вакцина салдыруға болады. Ал егер антиденесі бар болса, оған вакцина салдыру мүлде қажет емес.

Яғни, коронавируспен бір рет ауырған адамға вакцина салдырудың қажеті жоқ болғаны ғой?

Иә, ондай жағдайда вакцина салдырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

«Спутник V» вакцинасы Қазақстанда әлі тіркеуден өтпеген

Вакцинаға халық неге сенбейді?

Халықтың сенбейтін себебі – бұл жаңадан шыққан вакцина. Оның үстіне, бұл вакцина әлі Қазақстаннан тіркеуден өтпеген. Әлі күнге тіркеуден өтпеді деген сөз – әлі де клиникалық тәжірибелер жүргізіліп жатыр дегенді білдіреді.

Бұған қарап Ресейдің өзінде тіркеуден өтпегенін аңғаруға болады. Ресейде тіркелмегендіктен, Қазақстаннан да тіркеуден өтпеген. Егер Ресейде тіркеуден өткен болса, Қазақстанда да бірден тіркеуден өтетін еді. Рас қой!

Ресейде әлі күнге тіркеуден өтпеуінің себебі – оларда жаңа вакцинаға қойылатын талаптар Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Меніңше, халықтың вакцинаға сенбеуінің басты себебі осы. Бұл менің болжамым. Мәселен, өткен аптада ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Спутник V» вакцинасының Қазақстанда тіркеуден өтпегенін мойындады.

Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге вакцина мәжбүрлеп салына ма?

Вакцинация кезең-кезеңімен медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, ішкі істер қызметінің мамандарына деген секілді тізіммен жүргізілетін болды. Әсіресе, медицина қызметкерлері мен мұғалімдер бізге мәжбүрлеу бола ма деп қауіптенеді…

Конституция бойынша ешкімді мәжбүрлеуге құқықтары жоқ. Мәжбүрлеу фактілеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия тексеріс жүргізеді.

Вакцина салдыруды қаламаған адамға салынбайды. Таңдау жасауға әркімнің құқығы бар.

Өзіңіз вирус жұқтырып ауырдыңыз ба?

Мен нақты ковидпен ауырған жоқпын. Жазда вирус жаппай таралған кезде ангинам асқынғандай болған. Мүмкін сол кезде вирус жұқтырдым ба деп қауіптенгенім рас.

Бірақ, мен вакцина салдырарда антидене бар ма, жоқ па, білу үшін тексерістен өтетін боламын. Егер антидене жоқ болса, вакцина салдыруым керек. Өйткені, ондай жағдайда мен де тәуекел топтарындағы адамға жатамын деген сөз. Ал, антидене бар болса, онда вакцина салдырмаймын.

Вакцина салдырған жағдайда «Спутник V» ектіресіз бе, әлде қазақстандық вакцинаны күтесіз бе?

Мен қалай болғанда да ашық тәжірибе жүргізілген вакцинаны таңдаған болар едім. Мәселен, Pfizer вакцинасын.

«14 мыңнан астам адамның өмірін қиып – ұжымдық иммунитет қалыптастырдық»

Вакцинация қазақстандықтарды осы індеттен құтқаруға қаншалықты қауқарлы?

Меніңше, вакцинация вирустан құтқаруда үлкен рөл ойнамайды. Себебі, бізде ұжымдық иммунитет қалыптасып үлгерді. Жаппай вакцинация ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, вирустың таралуын тежеу үшін жүргізіледі. Бізде ұжымдық иммунитет табиғи түрде өзі қалыптасты. Жаз маусымында көп адам ауырды, 14 мыңнан астам қазақстандықтар коронавирустан қаза тапты.

Біз осынша адамның өмірін қиып, соның өтеуіне ұжымдық иммунитет қалыптастырдық. Бұл бізге өте қымбатқа түсті. Қазір жаппай вакцинацияға үндеп жатқанын – қандай да бір топтардың ақша жасау пиғылдарынан деп ойлаймын.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button