Ғылым

Студенттердің диплом жұмысты ақшаға жаздыратыны рас па?

Жыл сайын көктемде университет қабырғасынан ұшып шығып, қоғамға қарай қанат қағатын студенттердің бас сақинасы басталады. 4 жыл білім алған мамандығын игеріп, оны ғылыми деңгейде қорғау және сол үшін тер төгу әр студенттің міндеті.  Әр студент диплом қорғау керек екенін алғаш университетке келген кезден бастап біледі. Алайда жауапкершілік тек соңғы айларда ғана сезіле бастайды.

Еліміздегі бір емес, барлық дерлік жоғары оқу орындарында диплом жазу, оны қорғау және плагиаттан өткізу секілді талаптар бар. Талап бойынша студенттер өздері таңдаған немесе жетекшісі ұсынған тақырыпта ғылыми жұмыс жазып, оны арнайы комиссия отырысында қорғауы тиіс. Бұл үрдістің пайдасы мен зияны қандай?

Qadam.asia редакциясы оқу жылын аяқтайтын 10-ға тарта студентпен сөйлесіп, олардың диплом жұмысын жазуда не үшін қиналатынын, қандай қорқыныш бар екенін және не үшін ақшаға жаздыруы мүмкін деген тақырыпта зерттеу жасады.

Жетекші тек өзі зерттеген тақырыпты ұсына ма?

Жетекшілердің көбі өздері зерттеген, өздері қорғаған тақырып негізінде студенттерге жанама тақырып ұсынады. Себебі қорғау кезінде студентке баға беріп сөйлеу үшін де жетекшінің тақырыпты жатқа білуі әрі толық ашып айта алуы тиіс.

Студенттердің ішінде өзі таңдаған тақырыпты қорғап, жақсы баға алғандар бар. Алайда бәрі емес. Себебі жетекшілерге талап бойынша студенттердің саны беріледі. Сол сан толғаннан кейін жетекші өзіне келіп тұрған студентті басқа жетекшіге жіберуге мәжбүр болады.

Студент пен жетекші арасындағы байланыстың тығыз болмауынан студент жазып отырған тақырыбын аша алмай қалады. Қорғауда сұрақтарға да жауап бере алмай, қиналуы мүмкін.

Жетекші ұсынған тақырыптың бәрі керемет немесе дәл қазір қоғамға керек деп айта алмаймыз. Себебі ұсынылған тақырып туралы осыдан 5-10 жыл бұрын қорғалған басқа еңбектерді тауып алуға болады. Студент тақырыпты басқа қырынан ашуға тырысқанымен, жетекші оған бұрын жазылған еңбектерді негіз етіп отырып жазуды талап етеді. Осы жерде ең үлкен қателік орын алады. Студент сол жұмыстың негізінде жазбайды. Керісінше, сол жұмысты толығымен көшіріп алады. Оған бастысы жұмысты қорғап, бағасын алып, плагиаттан өтсе болды.

Жетекші берген тақырыптардың дені бірнеше рет зерттелген. Ғылыми анықтама жасалып, баға да берілген. Студент сол жұмысты қайта қорғайды. Тек тақырып пен жоспарда өзгешелік болуы мүмкін. Алайда мазмұн да, ашатын жаңалығы да бір болмақ.

Студенттің қорқынышы: «Қалай жазуды білмеймін…», «антиплагиаттан өте ме?»

4 жыл білім алып жүріп диплом жазудың не екенін, оны қалай қорғайтынын білмейтін студенттер бар.

Неден бастайтынын білмейтін студенттер жыл сайын бітірген түлектермен сөйлесіп, олардан кеңес сұрайды. Түрлі пікір, түрлі кеңес студенттердің басын тасқа ұрып, адасуына апарады.

Студенттермен сөйлесу арқылы олардың дипломдық жұмысты өздерінің не үшін жазбайтынын анықтадық және оларды топтастырдық:

  1. Диплом жаза алмайды (мүлде білмейді);
  2. Жазған жұмысы жетекшіге ұнамай қалып, қорғауға жібермей қоя ма деп қорқады;
  3. Антиплагиаттан өтпей қалып, масқара боламын ба деп ойлайды;
  4. Тұрмысқа шыққан, отбасындағы жағдайларға байланысты;
  5. Жұмыс істеп жүрген, мүлде отыруға уақыты болмайтындар;
  6. «Қорғап алсам болды» дейтін бір топ;

«Диплом жазатын адам бар ма?»

Жоғарыда топтастырған қорқыныштың соңы осыған алып келеді. Оқу жылының соңғы айларында ғана оянып, диплом жазу керек екенін түсінген студенттер енді барынша оңай жолды іздейді. Ол қандай жол?

Дипломды не диссертацияны ақшаға жаздырады. Бұл кеше не бүгін пайда болған үрдіс емес. Соңғы 10 жылда жалғасын тауып келе жатқан, әлі де болса өзінің өзектілігін жоғалтпаған мәселе.

Нарықтағы баға 50 000 теңгеден басталып, соңы 200 000 теңгеге дейін барады. Студент үшін ең жеңіл және өзін емес, біреуді жауапкершілікке тартуға оңай жол осы.

Студенттердің ішінде тіпті жазылған жұмысты өзі оқымай, бірден жетекшісінің электронды поштасына жіберетіндер де табылды. Ол тек сөйлеп, қорғап берсе болды. Қалған жұмысты ақша алып отырған адам бітіріп, дайындап беруі тиіс.

Ақшасын төлеген соң арқасын кеңге салатындар да, алаңдап, жұмысына көңілі толмай отыратын да студенттер бар. Біздің редакциямен байланыс орнатқан студенттердің бәрі де жұмыстарын ақшаға жаздырып жатқандар. Бір емес, бірнеше университеттің студенттері жауап берді.

Студенттердің дипломды ақшаға жаздыртатыны – факт. Студенттер үшін қазір бәрі бар. Электронды кітаптарды да, еңбектерді де интернеттен табуға және көшіруге болады. Дегенмен құнды еңбектер, монографиялар мен диссертациялар кітапхана қорларында сақталуы.

Диплом жұмысты жазып, оны қорғауға жіберген студенттің бірі антиплагиаттан өтпей қалғанын айтты. Жұмысты алып тексерген студент, ондағы сілтеме көрсетілген еңбектердің өзін көшірген деп шығарып бергенін байқаған. Олқылықты дұрыстау үшін төл сөзді, төлеу сөзге айналдырып, ғалымның еңбегін өз сөзіне ыңғайлап жазуына тура келген.

«100 бет жазуды талап етеді»

Студенттерді алаңдататын тағы бір мәселе бар. Диплом жұмысының бет санын толтыра алмай қиналып кететіндерін айтады. Жалпы стандарт бойынша гуманитарлық бағыттағы мамандар тілден алған еңбекті 50 бетке, әдебиеттен алған еңбекті 60 бетке толтыруы тиіс. Ал магистрлік диссертацияда 80-100 бет арасында.

100 бет ғылыми еңбекті жазу үшін адамға қабілет пен білім керек. Ал ол қабілет, жазу шеберлігі мен зерттеу мүмкіндігі жетпейтін студенттер не істейді? Әрине, ақшаға жаздырып, мамандықты аман-есен бітіріп шығады.

Қазір қоғам басқа. Диплом жазған және оны жаздыртқан студенттің ісі дұрыс болмағанымен, олардың бар екені анық. Әлеуметтік желілерде диплом жазатындардың жарнамасы өріп жүр. Оны айтпағанда, интернетте дайын жұмысты сататын түрлі сайттар бар. Диплом жұмысты ғана емес, эссе, реферат, шығарманы да табуға болады.

Аталған мәселеде тыйым салу шешім емес. Керісінше, білім саласында реформа жасап, студенттердің дипломды өздері жазуы үшін немесе оқыған білімін сынаудың басқа бір жолын ұсыну керек.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button