Семейдегі ядролық жарылыс Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған
Бүгін Ядролық соғысқа қарсы халықаралық мобилизация күні. Әлем тарихында бұл күн Дели декларациясы деген атаумен қалды. Оның басты мақсаты – ядролық қаруларды жою мен ядролық соғыс қаупінің алдын алуға бағытталған.
Дели декларациясы 1985 жылы 29 қаңтарда Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен бірнеше елдің президенттері мен үкімет басшыларының кездесуінде қабылданды. Үндістан, Греция, Мексика, Аргентина, Танзания және Швеция ядролық қаруға қарсы құжатқа алғашқы болып қол қойған мемлекеттер қатарына жатады.
Ядролық қарудан бас тарту мен зорлық-зомбылықсыз әлем қағидаттарын негізге алған осы декларация қабылданған сәттен бастап бүгінгі мереке өз тарихын бастайды.
Семей полигоны 500 мың адамның өмірін тозаққа айналдырды
Семей полигоны естен кетпес ұлттық қасірет. Сонымен қоса, әлемге аты жайылған зұлмат ретінде тарихта қалды. Бұл полигон КСРО-ның ядролық сынақ полигондарының ең үлкені әрі Кеңес одағы үшін аса маңызды стратегиялық объекті болды.
Атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Атом бомбаларының жарылыстары айтып жеткізгісіз зардап әкелді. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.
КСРО-дағы алғашқы атом бомбасының жарылуы
Тарихи құжаттарға қарағанда, 1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуледен бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Осы жағдайдың куәсі болған адамдар таң тамаша қалған. Себебі, жергілікті халыққа жарылыс туралы айтылмаған еді.
Естеліктерге сүйенсек, қолқаны атар түтіннің ащы иісін жел әп-сәтте жан жаққа таратады. Бұл кезде таяу маңдағы ауылдарда тұратын адамдар жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Түтігіп қарайып кеткен далада жалғыз түп шөп қалмаған. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың, кесірткелердің өлі денесі табылған.
Мұны құжаттарда Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі № 2 оқу полигонында РДС-1 плутоний зарядын жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп атады. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді.
Семей полигоны қандай аумақты қамтыды?
Семей полигонның инфрақұрылымы: Курчатов қаласын (Семей – 21), реакторлар кешенін, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтыған.
Семей ядролық полигонның тәжірибелік алаңдарында жасалған 456 ядролық жарылыс тек сынақ ретінде түсіндірілді. Сынақтар атом бомбасының қиратқыш қаруын айтарлықтай арттыруға ғана емес, оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берді.
Семей полигонындағы радиацияның кесірінен рак ауруының жаңа түрлері пайда болған
Тұңғыш атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендеріне тараған. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы титімдей түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді.
Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана айтыла бастады. Онда адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді. Алайда жарылыстан кейін адамдар радиациядан былғанған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды. Зерттеулерді, ғылыми экспедицияларды профессор Б.Атшабаров басқарған.
Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыруы мүмкін екендігі. 1949 жылғы жер бетіндегі алғашқы жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарындағы радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған адамдардың саны өте көп.
Бұлардың ішінде ең көп тараған ауру – өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есеге өскен. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктері бар әрқилы сәбилер көптеп дүниеге келеді.
Семей полигонын жабу: «Невада-Семей» қозғалысы
1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов еді.
Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды.
Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты.
Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел ауағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан 1991 жылдың 28 тамыз күні Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды.
Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Осылайша, адамзат атом бомбасын жеңіп шықты.
«Qadam.asia»